Көк-Жайлауға апаратын жол бойындағы ағаштар жаппай қызыл белгімен таңбалана бастады: Бұл нені білдіреді? - kaz.caravan.kz
  • $ 488.37
  • 559.77
+29 °C
Алматы
2026 Жыл
22 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Көк-Жайлауға апаратын жол бойындағы ағаштар жаппай қызыл белгімен таңбалана бастады: Бұл нені білдіреді?

Көк-Жайлауға апаратын жол бойындағы ағаштар жаппай қызыл белгімен таңбалана бастады: Бұл нені білдіреді?

Көк-жайлауға апаратын жолдағы сау ағаштарға қойылған қызыл белгілер нені білдіреді?

  • 22 Маусым
  • 107
Фото: Жансая Талипова/Сaravan.kz

Сaravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады.

21 маусым, жексенбі күні Көкжайлау шатқалына «Ақ бұлақ» жағынан көтерілдік. Барлығы бұрынғыдай әдемі. Жасыл желекке оранған тау бөктері және таза ауа. Демалыс күні келушілердің қарасы көп. Көк-жайлауға жетіп, біраз тынығып алдық. Үлкені мен кішісі, жасы мен қарты, балалы отбасыларға дейін демалып жатқан халықты көріп, бұл шатқалдың қаншалықты танымал екенін тағы да көреміз.

Қайтар жолды Қазачка шатқалы арқылы таңдадық. Түсіп келе жатып, күтпеген көрініске тап болдық.

Ортасына жеткенде жол бойындағы ағаштардың барлығында қызыл түсті белгілердің пайда болғанын байқадық. Бәрінде қызыл крест және қызыл түсті дөңгелек мөр тәрізді таңба қойылған. Мұндай белгілер жолдың екі жақындағы ағаштарда кездеседі. 

Ең қызығы, таңбалар ескі немесе зақымданған ағаштарға ғана емес, сау, үлкен және жас ағаштарға да қойылған. Белгіні түсіру үшін ағаш қабығын балтамен шапқанын да көруге болады. 

Алыстан қарағанда мұның бәрі ерекше көзге түседі әрі алаңдаушылық туғызады. Дәл осы «Казачка» бағытымен соңғы рет 1 наурызда көтерілген едім. Ол кезде ағаштарда мұндай белгілер болған жоқ.

Сондықтан қызыл таңбалардың қашан және қандай мақсатпен қойылғаны туралы сұрақ туындайды.

Әлеуметтік желіде жарияланған видео қысқа уақыт ішінде көп қаралым жинап, қызу талқылана бастады. Пікір қалдырғандардың басым бөлігі белгіленген ағаштардың болашағына алаңдайтынын жазған. Кейбір тұрғындар мұны Көк жайлау аумағында талқыланып жатқан жобалармен байланыстырып, ағаштарды кесуге дайындық болуы мүмкін деген күдігін де жасырмайды.

Әрине, әзірге мұның барлығы тек болжам ғана. Қызыл белгілердің нақты қандай мақсатта қойылғаны туралы ресми түсініктеме берілген жоқ.

Дегенмен тұрғындардың алаңдауына негіз бар деуге болады. Өйткені жуырда ғана Көк-жайлаудағы шаңғы курортының құрылысына қатысты қоғамдық тыңдаулар өткен болатын. Араға көп уақыт салмай тау бөктеріндегі ағаштарда бұрын болмаған белгілердің пайда болуы түрлі сұрақтардың туындауына себеп болып отыр.

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін Алматы қаласының тұрғыны әрі тауды тұрақты аралайтын азамат ретінде Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің әкімшілігіне e-Otinish платформасы арқылы ресми сауал жолданды.

Сауалда ағаштардағы қызыл белгілердің қандай мақсатта қойылғаны, оларды кім және қандай негізде қойғаны, сондай-ақ бұл жұмыстардың ағаш кесу, санитарлық жұмыстар немесе Көкжайлау аумағындағы өзге де жобалармен байланысы бар-жоғы туралы түсініктеме беруін сұрадық.

Ұлттық парк әкімшілігінің жауабы алынғаннан кейін бұл тақырыпқа қайта оралып, оқырмандарға ресми ақпаратты ұсынамыз.