Осы арқылы еліміздің техникалық және кәсіби оқыту мекемелеріне әлемдік озық тәжірибелер енгізіледі. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды. Еске салайық, брифинг барысында техникалық және кәсіби дуалдық оқыту мәселелері талқыланған болатын.
«Бүгінгі әлем жаңа технологиялық құрылымға бет алып барады, осының өзі техникалық және кәсіби мамандар даярлау жүйесінде өзгерістерді талап етеді. Ал бүгінгі еңбек нарығы мен білім беру саласындағы орын алған теңсіздіктерге келсек, бұл ретте жұмыс берушілер түлектерді жұмыс жағдайына бейімдеу көп уақыт алатынын, олардың еңбек өнімділігінің тиімділігі тым төмен екенін айтады. Қысқасы, техникалық және кәсіби білім беру жүйесін бітіргендер өздерінің практикалық дағдысын өндірістегі жұмыс орнына араласқанда ғана жетілдіреді, бұл жұмыс берушілердің талабын қанағаттандырмайды», — деді «Кәсіпқор» Холдингі» ҰАҚ басқармасының төрайымы Эльдана Сәдуақасова.
Оның айтуынша, техникалық және кәсіби колледждер түлектерінің 70 пайызынан астамы, бітіргеннен кейін бірнеше жылдың ішінде ғана жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие. Бұл ретте холдинг басшысы аталған үрдістің тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің барлық елдерінде проблемаға айналып отырғанын мәлім етті.
«Дуалдық жүйені құру барысында біздің холдинг үш ірі стратегиялық бағытты жүзеге асырмақ. Біріншісі, біз жаңа колледждер құратын боламыз. Қазірдің өзінде Астана мен Алматы қалаларында әлемдік деңгейдегі екі колледж салынып жатыр. Бұдан бөлек, 4 өңіраралық орталықтар құрылады, оның біреуі Атырауда жұмыс істеп те жатыр. Қалған үш орталық Өскемен, Шымкент, Екібастұзда салынып жатыр. Біз әріптестеріміз — шетелдік оқу мекемелерімен бірлесе отырып, бұлардағы оқу бағдарламаларында мүлдем жаңа қадам жасаймыз», — деді Э. Сәдуақасова. Оның айтуынша, жаңа тәжірибелерді зерделей отырып, ондай жүйе қазақстандық колледждерге енгізіледі. Бұл бағытта облыс орталықтарында орналасқан алғашқы он әріптес-колледждер айқындалған.
«Осы он әріпес-колледждер арқылы біз кейіннен, жаңадан салынатын алты колледждерге, сосын барлық тәжірибені тәхникалық және кәсіби білім саласындағы 278 техникалық колледждерге енгізетін боламыз. Трансляция бірнеше саты бойынша жүзеге асады. Ең бірінші, оқытушылардың кәсіби құрамын жаңартудан басталады», — дейді холдинг басшысы.
Елімізде салынып жатқан әлемдік деңгейлі колледждер жанынан арнайы мектептер ашылады.
Оның барысында «Кәсіпқор» холдингі» ҰАҚ басқармасының төрайымы Эльдана Сәдуақасова Астана мен Алматы қалаларында салынып жатқан әлемдік деңгейдегі колледждерге, өңірлік орталықтар қызметіне тоқталып өтті. Оның айтуынша, әлемдік деңгейдегі колледждер көпдеңгейлі әрі олардың жанынан арнайы мектептер салынады.
«Мұндай мектептер басым жағдайда туризм, қонақ үй істері, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инженерлік-коммуникациялық технологиялар, энергетика, дизайн бағыттарына негізделмек. Мектептердің әрқайсысы үшін біз басты әріптестерді де таңдап алдық. Оларды айқындауда әлемнің 54 оқу мекемелері қатысқан ауқымды конкурс ұйымдастырылып, 6 әріптесті анықтап алдық», — дейді Э. Сәдуақасова.
Оның айтуынша, 4 өңіраралық орталық негізінен моносалаларды қамтуымен ерекшеленеді. Мәселен, Атыраудағы орталықта мұнай және газ саласына басымдық берілсе, Өскеменде машина құрылысына, Екібастұзда — энергетика, ал Шымкенттегі өңірлік орталықта — азық-түлік және жеңіл өнеркәсіпке басымдық беріледі.
Еліміздегі әлемдік деңгейлі колледждер 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап іске кіріседі.
«2015 жылдың қыркүйегінде елімізде әлемдік деңгейлі колледждер іске қосылады, яғни Астана мен Алматы қалаларында осы колледждерде оқыту басталады. Сонымен қатар, колледждер жанына құрылатын барлық 6 мектепке де оқушылар қабылдау жүзеге асырылады. Ашылатын колледждердің жалпы жобалық қуаты 3 мың адамнан асады. Ал басқа өңірдегі орталықтар нысандарын толығымен іске қосу 2017 жылға жоспарланып отыр», — деді «Кәсіпқор» Холдингі» ҰАҚ Басқармасының төрайымы Эльдана Сәдуақасова.
Оның айтуынша, Атыраудағы өңіраралық орталықта қазірдің өзінде 600 оқушы білім алуда. Бұл үшін политехникалық колледждерге 12 білім бағдарламасы да әзірленіп, сұранысы жоғары үш жетекші мамандық тізімі айқындалды. «Өңірлерде әрбір колледжді құру сатыларына барынша мән береміз. Соның ішінде ең алғашқы күннен бастап, жұмыс берушімен тығыз байланыста болмақпыз. Өңір бойынша ең өткір, тапшы әрі сұранысқа ие мамандықтар айқындалып, колледждерде сондай мамандықтарға басымдық беріледі. Бұдан соң, жұмыс берушілермен бірлесе отырып, олардың колледж бағдарламасына қоятын талаптары анықталады, мұнымен қоса, жұмыс берушілер өздерінің өндірісінде қолданылатын технологиялық үдерістерін де толық ұсынады. Ең ақыр аяғы жұмыс берушілер әрбір студенттің мамандығына қатысты қандай дағдымен машықтануы тиістігін де тәптіштеп береді. Осыдан кейін ғана біз шетелден әріптесті таңдап, білім беру үдерісіне кірісеміз», — дейді Э. Сәдуақасова.
Алдағы уақытта колледж бітірушілердің білімін жұмыс берушілер бағалайтын болады. Бұл Қазақстанның білім жүйесінде алғаш рет қолданылмақ.
«Әлемдік деңгейдегі колледждердің білім беру жүйесіне сәйкес, білім үдерісінде жұмыс берушілер басым рөл атқарады. Мәселен, жұмыс берушімен студенттердің теориялық білім алғаны, ондай білім шеберлік зертханаларда шыңдалғаны расталады. Бұдан кейін, студенттер сол жұмыс берушілерге өндірістік тәжірибеден өтуге жолданады. Сонымен қатар, жұмыс берушілер колледждің оқыту бағдарламасы өздерінің сұраныстарын толық қанағаттандыратынын да растайды. Ең ақыры студент оқуын бітіретін кезде, олардың үлгеріміне қатысты қорытынды бағаны біздің колледждер шығармайды, мұнымен жұмыс беруші айналысады. Бұл Қазақстанда алғаш рет қолданылатын тәжірибе», — деді «Кәсіпқор» холдингі» ҰАҚ басқармасының төрайымы Эльдана Сәдуақасова.
Оның айтуынша, колледжді бітіретін студенттерге сертификаттар, біліктілік беру мәселесінің бәрі жұмыс берушілерге жүктеледі. Бұл үшін тәуелсіз бағалау және біліктілік беру орталықтары арнайы қауымдастықтарды құрып жатыр.
«Ал жұмыс берушілер біліктілік пен сертификаттар бергеннен кейін ғана, біздің колледждер түлектерге дипломды табыс ететін болады. Оқытудың осындай траекториясы, білімді осы жолмен бағалау алдымен біздің 10 әріптес-колледждерімізде, сосын басқа да барлық техникалық және кәсіби білім беретін жүйеге тұтастай енетін болады», — дейді Э. Сәдуақасова.
Қазақстандағы дуалдық білім беру жүйесінде жұмыс берушінің де, оқу мекемесінің де жауапкершілігі теңдей болады.
«Дуалдық білім беруде ең кем дегенде екі тараптың жауапкершілігі болады, оның бірі — жұмыс беруші, екіншісі — оқу мекемесі. Сондықтан да, біз студенттерді оқытудың екі деңгейлі жүйесін әзірлейтін боламыз. Ондай жүйе жұмыс берушілермен бірлесе жасалады әрі елімізде өндірістік кәсіпорындардың қалай дамып жатқаны, оларда мамандық тапшылығына қатысты сұраныстар әбден ескеріледі», — дейді «Кәсіпқор» холдингі» ҰАҚ басқарма төрайымы Эльдана Сәдуақасова.
Оның айтуынша, әлемдік деңгейлі колледждердегі оқу практикалары, колледж шеберханалары тұтастай оқу үдерісіне бекітіледі. Яғни, студент теориялық білім алып қана қоймай, оны шеберханалар мен зертханалардағы практикада ұштайды. Сосын онда жинақталған тәжірибенің барлығын жұмыс берушінің өндірісінде тереңдетіп, өз біліктілігін растайтын болады.
«Әрине, қауіпті өндірістерге, техникалық қауіпсіздікке байланысты бұл күрделі үдеріс екені белгілі. Мұнда студенттерге өндіріске жіберу рұқсаты да талап етіледі. Ал ондай рұқсаттарды біз тікелей оқу үдерісіне енгізіп отырмыз. Бұл ретте әрбір студент өзі білім алатын үш жыл бойында өндіріске рұқсат алу үшін білімін сатылап шыңдайтын болады. Жұмыс берушілер де студенттерді тек олар толық жұмыс нормасын орындай алатын жағдайда ғана қабылдайды. Шындығында, жұмыс істей алмаса, жұмыс нормасын біліп, оны орындай алмаса студентті өндірістік тәжірибеге жіберудің қажеті де шамалы. Өйткені, жұмыс берушінің қызмет үдерісі де нарықпен тығыз байланысты, ешкім де шалағай студенттің кесірінен өндірістегі зиянды шеккісі келмейді», — деді Э. Сәдуақасова.
Түйіндей айтқанда, холдинг басшысының айтуынша, колледж студенттері жұмыс берушілерге толық дайын болып барады және олар өндірісте өздерінің дағдысын тек тереңдете шыңдай түседі.
Қазақстандағы әлемдік деңгейлі колледждер жанынан индустриялық кеңестер құрылады.
Холдинг басшысының айтуынша, колледждерде дуалдық оқытудың басты элементтерінің бірі — индустриялық кеңестер. Бұлар әрбір колледж жанынан құрылады.
«Индустриялық кеңестегі басшылық жұмыс берушінің қолында әрі дауыс беру құқығына да сол тарап қана ие болады. Оқу мекемесі де, холдинг те бұл кеңесте дауыс беру құқығына ие емес. Кеңестің міндеті -білім беру үдерісіне толығымен аудит жүргізіп, жыл сайын өзінің бағасын енгізіп отыру болмақ», — дейді Э. Сәдуақасова.
Холдинг төрайымының айтуынша, осылайша колледждердегі аудит екі түрлі жолмен жүзеге асады. Оның біріншісін жұмыс беруші жүргізсе, екіншісі шетелдік әріптес-колледждер тарапынан жүргізіледі.
«Жыл сайын шетелдік әріптес колледждер білім сапасынан бастап, басқару жүйесіне дейін қадағалайды», — дейді ол.
