Отставкаға кетуге уәде берген Мамытбеков ғаламтордың жұлдызына айналды - kaz.caravan.kz
  • $ 487.73
  • 558.99
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
19 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Отставкаға кетуге уәде берген Мамытбеков ғаламтордың жұлдызына айналды

Отставкаға кетуге уәде берген Мамытбеков ғаламтордың жұлдызына айналды

Отставкаға кетеді, кетпейді?! Екі күннен бері жұрт Асылжан Мамытбековты аңдып отыр. Себебі Ауыл шаруашылығы министрі орынбасарының пара алғаны сотта дәлелденсе, қызметінен кетуге уәде еткен. Өміраев болса, күні кеше 10 жылға сотталды. Алайда, сөзді көбейткен  Мамытбеков соңында сертін сиырқұйымшақтандырып жіберді.

  • 18 Қазан 2014
  • 422
Фото - Caravan.kz

Асылжан Мамытбековтың отставкаға кетуі қызу талқылануда. Әсіресе әлеуметтік желі пайдаланушыларының пікірі қақ жарылды: бірі Ауыл шаруашылығы министрін жақтап жатыр, енді біреулер Мамытбеков міндетті түрде қызыметінен кету керек деп қызыл кеңірдек болуда. Дауға себепкер болған бас агрономның өзі болатын.

Асылжан Мамытбеков, Ауыл шаруашылығы министрі: (24 желтоқсан, 2013)

-Өміраевтың коррупциялық қылмыс жасағаны расталса, онда мен отставкаға кетуге  дайынмын.

Орынбасары 10 жылға сотталғанда, Мамытбеков күні бойы жақ ашқан жоқ. Тек әлеуметтік желідегі жеке парақшасына шығып, екіұшты жауап қатты.

-Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ. Сондықтан, заң бойынша Өміраевты  кінәлі деуге  ерте. Соңғы нүктені соттың жоғары инстациялары қояды. Оның ақталып шығуына мүмкіндігі бар. Ал, «отставкаға кетесіз бе?» деген сұраққа келсек — иә, кетемін. Маған деген сенім жоғалған күні  өз еркіммен арыз жазуға дайынмын.

Ал, бүгін кейбір  агенттіктер Үкіметтегі сенімді адамдарының сөзіне сүйеніп, «Мамытбеков отставкаға арыз жазды» деген ақпарат тараттты. Бірақ, басшысының қызметтен кетуге өтініш бергені жайында оның баспасөз хатшысы білмейтін болып шықты.

Сәкен Қалқаманов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің баспасөз хатшысы:

-Менде ондай ақпарат жоқ, білмеймін.

Асылжан Сарыбайұлы Ауыл шаруашлығы министрі болып 4 жыл бұрын тағайындалған еді. Бірақ, бұл кресло оған құт бола алмады.  Еліміздің бас агрономының орынтағына жайғасқан күннен көзі сыннан ашылмай келеді. Депутаттар: «егінді уақытылы жинай алмай диқандардың ала жаздай еңбегін еш еттің, төрт түлік жұттан қырылып жатыр, ал айналаңды жемқорлар жайлаған» деп Мамытбековтен талай рет отставкаға кетуін талап еткен.


Мұхтар Тінікеев, Мәжіліс депутаты:

—  Отставкаға кетсін. Ауылдағы тұрғындар әлі ауыз суға жарымай отыр. Мамытбеков оны шеше алған жоқ.

Владислав Косарев, Мәжіліс депутаты:

—  Мамытбековтың ауыл шаруашылығын басқаруға құқы жоқ. Өйткені бұл салада ең негізгісі мал шаруашылығы ғой.

Бірақ, Мамытбеков мұндай ақыл-кеңестердің біріне де құлақ асқан емес. Керісінше, «әр депутаттың айтқанымен жүріп, айдауына көне берсек, жұмыс істейтін адам қалмайды» деп қалжыңмен қабылдаған-ды.

-Мамытбеков айтқанында тұрып, отставкаға арыз берген күннің өзінде, бұл бір күннің ішінде шешілетін шаруа емес. Алдымен премьер келісімін берсе, шағым Ақордаға жіберіледі. Бірақ, Президент Ауыл шаруашылығы министрінің өтінішін қабылдамай, орнында қалдыруы да мүмкін. Мамытбековтың де, күтіп отырғаны осы сияқты.