Бұл жұмысшылар басшыға өкпелеп, былығын әшкерелейміз деп шыққан. Айтуларынша, жаңа директор бастарына әңгір таяқ ойнатып, ойына келгенін істепті. Тіпті 7 адамды негізсіз жұмыстан қуған. Ал кеткен адамның орнына өзінің жақындарын жайғастырды дейді наразы топ.
Айдар Әлетаев, компанияның сауда өкілі:
-Қазірде оның екі інісі отыр. Ертең мені де шығарып жібереді. Менің орныма бір туысын әкеледі, мынаны шығарып оның орынына да әкеледі. Екі ортада біз жұмыссыз қаламыз.
Сондықтан түбінде жаппай қудалауға ұшыраймыз дегендер, мекемедегі былықты жұртқа жайып, одан есе қайырмақ. Айтуларынша, өңірге ұн, макарон, жайма нан тарататын компания қожайыны заңсыздыққа жол береді. Ол, ұнды қымбат бағаға өткізуімен қоймай, мамандарға мерзімі өтіп кеткен тауарды сатуды міндеттеген.
Мейрамбек Досболов, компанияның сауда өкілі:
-Жайма нанды өзім әкелдім. Мерзімі өтіп кеткен. «2013» дегенді спиртпен өшіреді. Қайта мөр басып сатады. Мен айттым сатпаймын деп. Макарондарды тасып шашып тышқандар ойып тастаған.Оны қайта жинап жаңа пакетке салып сатып жатыр.
Ашынған топ шынында қожайынмен ашық айқасқа шықса керек. Компанияның абырой, беделіне нұқсан келетінін біле тұра, олар кемшілікті көрсетуге қымсынбады. Тіпті, дерекке дәйек ретінде қоймадағы көнерген тауарды алдымызға жайып салды.
-2013 жылдың жетінші ай деп тұр ғой. Сақтау мерзімімен үй жарым ай бұрын өткен.
Алайда түк түсінбеген түр танытқан директор, өзіне шаң жуытар емес. Тауардың сапасы мен тазалығында мін жоқ деген ол, жұмысшылардың қолдан ұйымдастырған арандатуы деп бағалады. Ал, басшының көпе көрнеу жалған айтуына мына көріністер дәлел. Қаладағы ірі сауда нысандарының өзінде, мерзімі өткен өнімдер сатылуда.
-Мерзімі өткен. Қайда қарағансыңдар? Көзің құртыңдар. Тез. Бол.
Жұрттың қазанында неше қорап жайманың қайнап үлгергені беймәлім. Ал, компанияның су жаңа басшысы қол астындағылардың дүрлігуін түсінбей дал.
Нұрсұлтан Райымқұлов, Компанияның Тараздағы филиалының директоры:
-Мен ешкімді жұмыстан қуып жатқаным жоқ. Бұл кісілер бүгін жұмысқа шыққан жоқ, бұл кісілер бізді мұндай жұмыс қанағаттандырмайды дейді. Не, сіз не біз кетеміз дейді. Кешірерсіздер мен мұнда сауданы көтеру үшін келдім, ойнау үшін келгенім жоқ.
-Тараптарды татуластыру үшін, «Алтын-Дән» фирмасының үлкен басшысы Шымкенттен арнайы келіпті. Алайда, екі-жақты келіссөзден нәтиже жоқ. Керісінше, өзі тағайындаған филиал директорын қорғап, өзгелеріне шүйліккен көрінеді. Тіпті, қос тарап мәмілеге келмесе, серіктестікті жауып тастайтынын мәлімдеген.