Қосшы ауылында бүтін бір тұрғын-үй әлі жылуға қосылмаған. Пәтерлерінде дірдектеп шаршаған жұрт бүгін наразылыққа шықты. Ал бүгін ашынған ағайынға басу айтқан ешкім болмады. Әкім түгілі кооператив басшысынан да қайыр жоқ. Тіпті ол биыл қақаған қыста жылудың тағы мандымайтынын айтып қорқытып отыр.
Шаруасын тастап, далаға шұбырған бұл кісілердің барлығы жылу іздеп жүр. Арқаға қыс ерте түсетіндіктен тұрғындар қазаннан бастап қара суықтың азабын тартуда. Баспаналарына әлі күнге дейін жылу берілмеген. Жағдайларын айтып, бармаған жерлері жоқ. Бірақ, құлақ асқан адам болмай тұр.
-Әкімге де, КСК-ға керек емеспіз… Қайтсін бізді?
-Төрт қабатты тұрғын үйде жылудың атымен жоқ екенін жертөледен-ақ байқауға болады. ыстық су жүретін батареялар сіресіп қатып қалған. Ал, пәтерлердегі жағдай мүлдем мүшкіл. Буланып кеткен. Сыз тартқан қабырғалар шетінен опырылып, құлап жатыр. Тұрғындар қабат-қабат көрпеген оранып жан сақтап отыр.
-Адамдар қиналып бітті. Не істерімізді білмей отырмыз.
Мұндағы бар шаңырақтың мұңы мен жыры да ортақ. Кез-келген үйге кірсеңіз, дәл осылай бүрсең қаққан кісіні көресіз. Әркім әлінің келгенінше жансауғалап жүр.
— Үстімізде тонна-тонна киім. Сосын жүреміз томпан-томпаң етіп.
Алпыстан асқан ана баспанасын өз бетінше жылыту үшін күнде түрлі әдіс ойлап табады екен. Бүгін ас әзірлейтін газ пешті қонақ күтетін бөлмеге шығарып, қосып қойыпты. Қорлан апа мұнымен қоса «жуына алмай да қор» болғанын айтып, ашынады.
Қорлан Кенеева, Қосшы ауылының тұрғыны:
-Моншаға барамыз бір жұмада бір рет, үйде қорқамын. Күнімен үйдемін, 62 жастамын. Мынаны күнде ұстап көреміз, мұздай. Жатқанда мұздай төсекке жатасың.
Ал, мына отбасының бар үміті тоқ пешінде еді. Оны бүгін ғана жаңадан сатып алыпты. Бірақ, жұбайлардың қуаныштары ұзаққа созылмады. Жығылғанға жұдырық болып, жарық та өшіп қалған.
-Әкім мен КСК басшысы үйінде дамбалмен жүретін шығар. Біз олай ете алмаймыз.
Жылусыз отырған жұрт жергілікті шенеуніктерден көмек сұрап, талай рет әкімдіктің есігін қаққанын айтады. Бірақ, түк нәтиже болмаған. Керісінше, жоқ жылуға ақша төлеңдер деп мәжбүрлейді екен.
Айман Саспанова, Қосшы ауылының тұрғыны:
-Су мен жарыққа төлеуге барғанда, маған айтады: жылуға қашан төлейсіз деп. Мен айттым, жылу жоқ деп. Білмеймін, Интернациональная көшесіне толық жылу берілген, жинаңдар дейді.
Есіктің алдындағы айқай-шуды естіп, тыныш отыра алмады ма, аяқ асты пәтер иелері кооперативінің басшысы да табыла кетті. Үй қысымның аздығынан жылуға жарымай отыр деп ақталды. Ол үшін қосымша насосты іске қосу керек екен. Бірақ, жылуға жауапты жеке компания үшін бұл артық шығын көрінеді.
Қоғас Асылжан, Пәтер иелері кооперативінің басшысы:
-Бізге қысым үшін насос қосу керек.Аяз күндері ғана қосамыз үшінші насосты дейді.
-Қосшылықтар осымен екінші жыл жылуға жарымай отырған көрінеді. Күн суыса болды, мұндағылардың берекесі қашады. Тұрғындар тіпті өз баспаналарын тастап, безіп кетуге дайын. Бірақ, басқа барар жерлері жоқ. Ал, жылы кеңседе отырған әкімдіктегілерден жаураған жұртқа қайыр болмай тұр. Атқамінерлер «мәселені бүгін-ертең шешеміз» деп ақталмайды да екен. Сондықтан, тұрғындардың тағы қанша уақыт тоңуына тура келетіні белгісіз.