Заңгердің сөзінше ЖИ-тің көмегі арқылы елімізді мазақ етіп, келемеждейтіндер көбейген. Айгүл Орынбек оларды тоқтату керектігін айтты.
Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
”Мемлекеттің қолында заманауи технологиялар, мықты ресурстар мен арнайы қызметтер бола тұра, жасанды интеллект арқылы ашылған жалған парақшалар мен арандатушы контенттің жолын кесуге неге қауқарсыз болып отырмыз?
Әлеуметтік желілерде елімізге, мемлекеттік рәміздерімізге және Президентке қатысты қорлайтын карикатуралар мен мазақ материалдар ашық таралып жатыр. Осы мәселеге байланысты шұғыл құқықтық шара қабылдауларыңызды сұраймын.
Қазақстанды «Боратстан» деп келемеждеп, мемлекетіміздің беделін түсіріп, Президентті қорлау қалыпты құбылысқа айналды.
Біз бұған үнсіз қарап отыра береміз бе?
Instagram, Facebook және TikTok платформаларымен жасалған ынтымақтастық пен келісімдердің нәтижесі қайда? Неліктен мемлекетке қарсы бағытталған жалған ақпараттар мен қорлау материалдары еркін таратып қойып қарап отырсыздар?
Билікті сынау – бір басқа, ал бүкіл мемлекеттің абыройын аяққа таптау – бұл Отанға опасыздық. Белгілі бір тұлғаларға немесе шешімдерге наразылық білдіреміз деп, Қазақстанның халықаралық беделіне нұқсан келтіруге ешкімнің құқығы жоқ.
Көрші Өзбекстанға қараңыздаршы. Олар өз мемлекетінің және Президентінің беделін қорғау мәселесінде әлдеқайда нақты әрі жүйелі ұстаным көрсетіп отыр.
Сондықтан құзырлы органдардан ақпараттық қауіпсіздік пен ұлттық беделді қорғау бағытындағы жұмысты күшейтуді талап етемін. Мемлекетті қорлау – сөз бостандығының емес, жауапкершіліктің мәселесі екенін ұмытпайық.
Парақшаларды бөлісіп олардың рейтингісін көтермей ақ қояйын. Бірақ бұған тоқтау қою керек”, — деп жазды заңгер.