Жаппай улану оқиғасынан кейін Березов ауылының тұрғындары президент пен премьер-министрге хат жолдады - kaz.caravan.kz
  • $ 477.48
  • 555.83
+18 °C
Алматы
2026 Жыл
28 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жаппай улану оқиғасынан кейін Березов ауылының тұрғындары президент пен премьер-министрге хат жолдады

Жаппай улану оқиғасынан кейін Березов ауылының тұрғындары президент пен премьер-министрге хат жолдады

 Батыс Қазақстан облысы Березовка ауылының тұрғындары жаппай күкіртті сутегімен улану оқиғасына байланысты президент пен үкімет басшысына хат жолдады.

  • 9 Желтоқсан 2014
  • 978
Фото - Caravan.kz


Хатта олар өздерін қауіпсіз жерге көшіруді сұрады.
«Біз, Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Березов ауылының тұрғындары, бізді ауылдағы қауіпті экологиялық ахуалға байланысты басқа жерге көшіруді талап етеміз. 2014 жылдың 28-қарашасында балалар мен ересектер жаппай уланды. Мектеп оқушылары сабақ үстінде бірінен соң бірі есінен танып құлай бастады.
Біз мұның Қарашығанақтағы газ-күкіртті сутегі кенішінің әсері екеніне сенімдіміз. Конституция кепілі ретінде Сізден бізді басқа жерге көшіруді сұраймыз. Балаларымыз бен немерелеріміздің өмірін сақтап қалуға көмектесіңіз», — делінген ауыл тұрғындарының мәләмдемесінде. Мәлімдемені сейсенбі күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында халықаралық Crude Accountability құқық қорғау ұйымының консультанты Сергей Соляник таратты.
Үндеуге Березов ауылында тұратын 951 адам қол қойған. Ауылда барлығы 1,5 мыңнан астам адам тұрады.
«Жасыл-желекті құтқару» экологиялық қоғамы, «Балалар құқығын қорғау» ҮЕҰ-ның жұмыс тобы мен Crude Accountability ұйымы үндеудің елбасы мен премьер-министрге жетуіне көмектеспек.
«Тұрғындар мәселені төтесінен қойып отыр: олар көшіруді сұрайды. Біз әріптестерімізбен бірлесіп бұл құжатты ресми түрде жолдаймыз», — деп сендірді С.Соляник.
«Олар басқа жерге қоныс аударуды он жылдан бері өтініп келеді. Жағдай күн сайын нашарлап барады. Балалардың денсаулығына қауіп төнген кезде халық не істерін білмей сасып қалды. Кейбір балалар әлі күнге ауруханада жатыр, денсаулығы түзеле қойған жоқ. Ал, кейбіреулері қайтадан есінен танып құлады. Облыс әкімімен кездесу өтті. Компания өкілдері улы заттар ауаға шығып жатқан жоқ деп сендірді. Соған қарамастан ауылда қайтадан газдың исі мүңкіп тұр», — деді С.Соляник.
Бұған дейін хабарланғандай, қарашаның 28-і күні Березов ауылында 25 оқушы мен төрт ересек адам белгісіз газдан уланған болатын. Олардың бәрі Бөрлі аудандық ауруханасына жеткізілді. БҚО прокуратурасы тексере келе оқиғаның алдында Қарашығанақ кенішінде ауаға күкіртті сутегі тасталғанын анықтады. Жаппай улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 28-қарашадан бері 90 адам дәрігерлер көмегіне жүгінген.
Қазір үш бала облыстық балалар ауруханасында, тағы бір оқушы аудандық орталық ауруханада емделіп жатыр.