Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар - kaz.caravan.kz
  • $ 477.48
  • 555.83
+13 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы аптада еліміздің өңірлерінде бірқатар кадрлық тағайындаулар орын алды.  ҚазАқпарат осы тағайындауларға шолу жасайды.

  • 13 Желтоқсан 2014
  • 508
Фото - Caravan.kz

Сонымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен Наталья Павловна Калашникова Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметіне тағайындалды. І.жансүгіроватындағы Талдықорған педагогикалық институтын, Мәскеу кәсіби дайындау мемлекеттік академиясын бітірген. Саясаттану ғылымының докторы, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі. Ол ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының хатшылығында, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалында, ҚР Президенті әкімшілігінде жұмыс істеген. 80-нан астам ғылыми еңбектің авторы.

ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен Талғат Кәкімов Қостанай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы қызметіне тағайындалды. Ол 1965 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Түрлі мемлекеттік марапаттары мен озат белгілері, соның ішінде — «Кавказдағы әскери әрекеттердің қатысушысы» медалі бар. 

Батыс Қазақстанда да бірқатар облыстық мекемелердің басшылары ауысты. Атап айтқанда, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы болып Әділхан Қасымханұлы Әшірбаев тағайындалды. Ол он бес жылдан астам уақыт бойы ҰҚК құрылымдарында қызмет істеген. Ал бұған дейін департамент басшысының орынбасары болып келген Нұрлан Болатұлы Сүйінбаев тәртіптік кеңестің төрағасы қызметін де атқаратын болады.

Темірхан Мәулетұлы Қонақбаев ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті БҚО аумақтық инспекциясының басшысы болып іске кірісті. Ол бұған дейін осы құрылымда Теректі аудандық аумақтық инспекциясының басшысы болды.

Сондай-ақ Бауыржан Сатқанұлы Имашев облыстық малдәрігерлік зертхананың директоры болып тағайындалды. Ол осыған дейін «Жайық Пресс» ЖШС баспаханасына жетекшілік етті.

Астана қаласы әкімінің өкімімен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып, Әбуева Лаззат Еркентайқызы тағайындалды. Ол 1969 жылы 21 мамырда Ақмола облысында дүниеге келген. Ақмола университетін,  Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін бітірген. 1998 жылдан бастап Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаментінде бастап жұмыс істеді. 2001 жылы әлеуметтік жәрдемақылар және тұрғын үй көмегін тағайындау бөлімінің бастығы болып тағайындалды. 2010 жылдан бастап Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының орынбасары болған.

Қарағанды қалалық әкімдігінде де бірқатар кадрлық тағайындаулар болды. Нақты айтқанда, Қарағанды әкімінің өкімімен қала әкімінің сәулет, қала құрылысы, құрылыс және жер қатынастары мәселелері жөніндегі орынбасары болып Тайхан Қалмаханов, Қарағанды әкімі аппаратының басшысы болып Арман Оспанов тағайындалды. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резервінен «Қарағанды қалалық Жер қатынастары бөлімі» ММ басшысының лауазымына Мұрат Қамалиев кірісті.

38-жастағы Т.Қалмахановтың  үш жоғары білімі бар: «режиссер, суретші- мультипликатор» мамандығы бойынша Т. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино  институты, «қаржы бакалавры» және «құрылыс бакалавры»  мамандықтары бойынша Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған. Қарағанды қалалық шаруашылық және құрылыс, сәулет және абаттандыру басқармаларында қызмет етті. Қарағандының  сәулет және құрылыс бөлімін басқарды. Мемлекеттік қызметтен кеткеннен соң бизнес-құрылымдарда жұмыс істеді.

Ал 32-жастағы А. Оспановтың та жоғары білімі бар, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі. Мемлекеттік қызметте 2006 жылдан бастап жұмыс істейді. Қарағанды және Қарағанды облысы әкімдіктерінде, Балқаш әкімінің аппаратында түрлі лауазымдарды атқарды.  ҚР орталық атқарушы органдарында жұмыс тәжірибесі бар. Қазірге дейін Қарағанды әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған.


39 жастағы М. Қамалиевтің үш жоғары білімі  бар: экономикалық, заңгерлік, педагогикалық. Теміртауда прокуратура органдарында қызмет етті, ЖОО-ларда оқытушы, Қарағанды қалалық мәслихатының ревизиялық комиссиясының төрағасы, жер қатынастары бөлімінде бас маман болды. Осы тағайындауға дейін Қарағанды әкімі аппаратының мемлекеттік сатып алу, материалдық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз ету бөлімін басқарған.

Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры қызметіне Қайрат Асанғалиұлы Бакенов тағайындалды. Қайрат Асанғалиұлы Қызылорда қаласында туған. Алматы энергетикалық институтын, «Алматы энергетика және байланыс институтының» аспирантурасын бітірген. 2002 жылдан бастап Алматы  энергетика және байланыс институтында жұмыс істейді. Алдымен кіші ғылыми қызметкер, «Өнеркәсіптік кәсіпорынды электрлі жабдықтау» кафедрасының ассистенті, кафедраның аға оқытушысы, «Электроэнергетикалық факультеті» деканының орынбасары қызметіне тағайындалады. 2011 жылдан бастап «Өнеркәсіптік кәсіпорындарды электрмен жабдықтау» кафедрасының меңгерушісі. 20-дан астам ғылыми жұмыстың авторы. 2010 жылы техникалық ғылымдардың кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғаған.

«ҚазАгро» Холдингі» АҚ басқарма төрағасының  міндетін атқарушы тағайындалды. Бұл қызметке Д.Махажанов келді. Махажанов Дәурен Сәбитұлы 1980 жылдың 18 наурызында Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында дүниеге келді. Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік университетінде, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің  магистратурасында білім алған. Экономика ғылымдарының кандидаты. Әр жылдарды Қазақстан Республикасының екінші деңгейлі банктерінде қызмет жасаған: Петропавл қаласындағы «Казкоммерцбанк» АҚ, Алматы қ. «АТФ Банк» АҚ, Астана қ. «Альянс Банк» АҚ. 2012 жылға дейін «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы қызметтерінде жұмыс істеді. 2012 жылдың қазанынан «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болған.