Жыл қорытындысы: Қазақстан алып нарықтардың ортасындағы алтын көпірге айналып келеді - kaz.caravan.kz
  • $ 477.48
  • 555.83
+14 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жыл қорытындысы: Қазақстан алып нарықтардың ортасындағы алтын көпірге айналып келеді

Жыл қорытындысы: Қазақстан алып нарықтардың ортасындағы алтын көпірге айналып келеді

 Бүгінде әлемдік сауда мен өндірістің негізі бөлігі Азияға қарай ойысып келе жатқандығы белгілі. Ал оған лайықты деңгейде үн қосу үшін еліміздің, әсіресе жол саласы қарқынды дамуы қажет екендігі түсінікті жайт. Сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылғы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамытуға барынша назар аударған еді. «Бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет. Бұлар Батыс Қытай - Батыс Еуропа; Астана - Алматы; Астана - Өскемен; Астана - Ақтөбе - Атырау; Алматы - Өскемен; Қарағанды - Жезқазған - Қызылорда; Атырау - Астрахань», - деген еді Мемлекет басшысы.

  • 19 Желтоқсан 2014
  • 486
Фото - Caravan.kz

Иә, қазіргі уақытта елімізде автокөлік жолын да, темір жолын да салу қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, жоғарыда атап өткен Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізінің құрылысы бүгінде қарқынды жүргізілуде. Қазақстанның 5 облысының аумағы арқылы өтіп, Қытайдан шыққан тауарды Еуропадағы діттеген жерге небәрі 15 тәулікте жеткізуге мүмкіндік беретін бұл мега жобаның құрылысы 2016 жылы толығымен пайдалануға берілетін болады. Ал, жоғарыда атап өткен республика ішілік жолдардың да маңызы мұнан бір мысқалда кем емес. Айталық, Қарағанды — Жезқазған — Қызылорда жолының құрылысы да стратегиялық мәнге ие десек артық емес. Бұл жолдың Жезқазған мен Қызылорда аралығын салуға шамамен 10,1 млрд. теңге қаржы шығындалмақ. Қазіргі уақытта құрылыс жүргізетін компанияларды іріктеу жұмыстары қолға алынған. Жалпы, Елбасының Жолдауында көтерілген көліктік-логисткалық инфрақұрылымды дамыту бағыты  макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. Оның үстіне, бұл инфрақұрылымдық қаңқа Астанамен және макроөңірлерді магистралды автомобиль, теміржол және әуе жолдарымен шұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырады. Ал аталған жұмыстарды тыңғылықты атқару үшін мол қаржының да керек екендігі түсінікті. Ол қаржы бар да. Атап айтқанда, 2015 жылы жол жобаларын жүзеге асыруға Ұлттық қордан 178 млрд. теңге, 2016 жылы 143,3 млрд. теңге бөлінеді. Бөлінетін қаржы осымен доғарылмақ емес, қаржыландыру 2020 жылға дейін жалғасады. Қосымша 200 мың жаңа жұмыс орны құрылады.

Жылдың маңызды әлеуметтік-экономикалық оқиғасы: «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» темір жолдарының ашылуы
қорытындысы 

Ағымдағы жылдың ең маңызды әлеуметтік-экономикалық оқиғасы «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» темір жолының бір мезетте пайдалануға берілгені болды десек артық емес. 22 тамыз күні ұйымдастырылған шараға Елбасы Н.Назарбаев арнайы қатысып, екі темір жол желісіндегі қозғалысты ашып берген болатын. «Бүгін біз екі жаңа теміржол магистральдарын ашып отырмыз. Мұндай оқиға біздің тарихымызда болған жоқ. «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» жолдарының жұмысы бірнеше өңірдің, бүкіл республиканың өміріне ұзақ жылдар бойы және алдағы ондаған жылдарға қызмет етеді», — деді шара барысында Н.Назарбаев. 

Сонымен пайдалануға берілген әрқайсысының ұзындығы 1000 шақырымнан асатын теміржолдар «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шығыс-Батыс» бағыттарындағы жүк тасқыны бағыттарын оңтайландырады. Теміржолдардың жұмысы Орталық және Батыс Қазақстанның дамуына қуатты серпін беріп, өңірлердің өнеркәсіптік әлеуеттері мен өндірістерінің дамуын жеделдете игеруге жағдай туғызып, экономикалық белсенділігін ынталандырды. 3,5 мың жұмыс орны ашылды. Бұған қоса, жаңа жолдарды іске қосу Қытайдан Ресей бағытына және одан әрі Еуропаға трансқазақстандық көлік дәліздерінің көліктік әлеуетін елеулі арттыра түсті десек те болады. Айта кетерлігі, 2012 жылы қолға алынған құрылыс жұмыстары барысында 46 млн. текше метр жер төсемі игеріліп, 1200 шақырым жол, 46 көпір мен жол өткелі салынды, 570 су өткізу жүйесі жөндеуден өтті, 4200 шақырымнан астам жерге электрмен жабдықтау желілері жүргізіліп, басқа да өндірістік инфрақұрылым нысандары құрылды. Тасымалдау үдерісінің техникалық операциясы 23 стансада, 33 разъезде жүзеге асырылады. Оның ішінде 6 жаңартылған станса — Арқалық, Шұбаркөл, Сексеуіл, Шалқар, Бейнеу бар. Инфрақұрылымдық технологиялық байланыстар озық сандық стандарттарға негізделген.

Тоқ етерін айтқанда, «Жезқазған-Бейнеу» магистралін іске қосу Орталық Қазақстаннан Ақтау портына, Түркіменстанмен шекараға дейін және Парсы шығанағы бағытында ең қысқа теміржол қатынасын құруға мүмкіндік береді. «Арқалық-Шұбаркөл» теміржол желісі Қазақстанның орталығынан Ресейге, одан әрі Батыс Еуропа елдеріне  шығуды қамтамасыз етеді.


                 Қазақстан-Түркіменстан-Иран темір жолы ашылды
қорытындысы 

Таяуда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркіменстан, одан ары Иран сапарлап, Қазақстан аумағынан шыққан темір жолды жоғарыдағы екі елдің шекараларында түйістіру шарасына қатысып қайтқан болатын. Осынау Қазақстан-Түркіменстан-Иран темір жолы алдағы уақытта үш мемлекеттің өңірлік бәсекедегі басымдығына айналады десек артық емес. «Қазіргі істің тарихи мәні бар. Біріншіден, үш елдің халқы үшін жолдың бойында неше түрлі елді мекендер пайда болып, халық жұмыспен қамтылады, қарым-қатынас жанданады. Екіншіден, үш мемлекеттің арасындағы сауда-саттық ұлғаяды. Биылғы жылдың басында біз Түркіменстан мен Қазақстан арасындағы жолды іске қосқанбыз. Осы аз уақыттың ішінде сауда-саттық 40 пайызға өсті. Енді міне үш мемлекет қатынасатын болды. Үшіншіден, бұл жол біздің төңірегіміздегі барлық көршілерімізге өз ықпалын тигізеді», — деді ҚР Президенті салтанатты шара барысында.

Сонымен пайдалануға берілген бұл жол Қытайдың Қорғас бекетінен Иранның Серахс қаласына дейінгі аралықты 2 есеге қысқартады. Бұрындары Қытайдан шыққан жүк бұл қалаға дейін 30-35 тәулікте жететін. Ал енді уақыт 15-20 тәулікке дейін қысқарып отыр. Бастапқы кезеңде бұл жолмен жылына 3-3,5 млн. жүк тасымалданады. Дегенмен келешекте оның көлемін 10 млн. тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бар.

Бұл жолдың Қазақстан үшін пайдасы өте зор. Өйткені, бұған дейін еліміз Парсы шығанағына астық пен басқа да өнімдерін Қара және Балтық теңіздері арқылы жеткізіп келген еді. Тасымал құны да тым жоғары болатын. Енді Түркіменстан мен Иран арқылы астығымызды Таяу Шығысқа, Парсы шығанағына, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің нарығына шығаруға мүмкіндік туындап отыр.

Айта кетерлігі, үш мемлекеттің аумағынан өтетін «Өзен-Қызылғая-Берекет-Этрек-Гөрган» темір жолы желісі «Солтүстік-Оңтүстік» жаңа халықаралық көлік дәлізінің бір бөлігі саналады. Есте болса, бұл жобаға қатысты бірлескен декларацияға 2007 жылдың қыркүйегінде Қазақстан, Түркіменстан және Иран Президенттері қол қойып, сол жылдың 1 желтоқсанында үш ел Үкіметтерінің арасындағы келісімге сәйкес жүзеге асырыла бастаған болатын. Жолдың 146 шақырымы Қазақстан, 700 шақырымы Түркіменстан, ал қалған 82 шақырымы Иран аумағы арқылы өтеді.

Магистральдың Түркіменстан мен Қазақстан арасындағы учаскесі өткен жылдың мамырында екі елдің басшыларының қатысуымен ресми ашылған еді. Бұл ретте Қазақстан мен Иранның аталған декларацияға сәйкес өз учаскелеріндегі бөліктерді толығымен аяқтап пайдалануға берген болатын. Ал Түркіменстан болса, темір жолдың Қазақстан бағытындағы 444 шақырымын аяқтап, өткен жылдан бастап Иран бағытындағы 256 шақырымды өз күштерімен қарқынды салу үстінде.