Ақтөбе іргесіндегі Заречный ауылында тұратын Чеберда отбасының шаңырағы бір сәтте ортасына түсті. Сол түні туыстары келіп, қонақ күтіп жатқан кезде газ қондырғысы жарылған. Дастархан басында отырған жеті адамның барлығы жараланыпты. Араларында екі бала бар. Оларды балалар ауруханасына жөнелтсе, сүйек жарақатын алған бір науқас теміржол ауруханасында емделуде. Ал күйік жарақатамен жедел медициналық көмек көрсету мекемесіне жеткізілген төрт адамның үшеуінің хәлі тым ауыр.
Рақымжан Арыстанов, Ақтөбе облыстық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері:
-Төрт ауру түсті жарылыстан кейін күйікпен. Жағдайлары үшеуінің өте ауыр. Біреуінікі орташа. Үшеуі реанимация бөлімшесінде жатыр. Біреуі травмотология бөлімшесінде жатыр.
Мұхамбеталиндер отбасының баспанасы жарылыс болған үймен жапсарлас салынған. Алғашқыда ештеңе түсінбей қалғандарын айтады. Қазір шаңырақтарының да, өздерінің де аман қалғандарына шүкіршілік етіп отыр.
Лидия Мұхамбеталина, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Кино қарап отыр едік. Жарылыс болды. Жүгіріп шықтық. Ойладық мына қақпаға біреу машинамен соғылды деп.
Куәгерлердің айтуынша, жарылыс газ қондырғысындағы ақаудан болған. Абырой болғанда от тұтанып үлгермепті. Көршілері дереу жетіп көше бойындағы құбырдан көгілдірді отынды ажыратып үлгерген.
Сейсенбай Утянов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Өрт болған жоқ. Газ пышылдап жатыр екен көршілердің бірі барып жауып тастаған. Жарылыс болғанда құбырды жұлып кеткен ғой.
Қазір өрт сөндірушілер оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр.