Осы би деп жүр едім ақылды би,
Қорғар деп жақын түгіл, жатыңды би.
Хал қылып, ауқат шегіп отырғанда,
Алдырдың не себептен атымды, би?!
Осы би деп жүр едім білімді би,
Халық түгіл, хан қайырмас тіліңді, би.
Ажалым бір кісіден бола кетсе,
Жүр едім сіз сұрар деп құнымды, би.
Сақсынып сауысқандай жүрсем дағы,
Аяғым бір нәрсеге ілінді, би.
Тұзыңнан он екі арба алып едім,
Сұрасаң, енді айтайын шынымды, би.
Тәттібай, Бұзай алса, үндемейсің,
Осы жерден бөтендігім білінді, би.
Шиттей бала-шаға, жалғыз сиыр,
Бермесін біреуге де күнімді, би.
Тұзыңа екіншілей жуымаспын,
Салсам да быламыққа қолымды, би! — депті.
Шомбал: "Жә, енді баршы, атың ешқайда кетпес", — депті. Соңынан атын да тауып беріпті. Сөз жүйесін тапқанда, мал иесін тауыпты.