Елена Басырева туралы біз былтырғы қыркүйектегі хабарларымыздың бірінде айтқанбыз. Сол кезде жесір әйел екі ұлын мектепке қамдамақ түгілі, қысқа отын ала алмай отырған еді. Енді міне оның тағдыры жайында естіп жаны ашығандар, екінші топтағы мүгедек әйелге қол ұшын беріпті.
Елена Басырева, екінші топтағы мүгедек:
-Маған екі жүк көлігімен отын әкеліп берді. Тағы бір азамат әкеп берген 60 мың теңгеге көмір түсірдім. Қалғанына балаларыма қыстық киім сатып алдым.
Мүгедек әйелдің жағдайын жақсы білетін мектеп әкімшілігі оның бірінші сыныпта оқитын ұлын Президенттік шыршаға апарыпты. Жеті жасар Артем бұл шарадан әсерлі естеліктермен ғана емес, қымбат сыйлықтармен де оралған.
Артем Басырев, Еленаның ұлы:
-Маған аяз ата планшет, жылы күрте ойыншықтар мен түрлі тәттілер сыйлады. Оған тақпақ айтып бердім.
Ең бастысы ергежейлі әйел уақытша болса да жұмыс табылғанына қуанышты. Қазір ол ауыл дүкенінде сатушы. Бойы бір метрден сәл асатын Еленаның сөренің артқы жағынан тек екі көзі ғана көрінеді. Десе де тұтынушылардың сұрағанын тез тауып, дүкенде ұршықша айналып жүр.
Елена Басырева, екінші топтағы мүгедек:
-Мұнда аптасына бірнеше күнге ғана келемін. Дүкен иесі тауарға кеткенде, не өзге шаруаларына айналғанда оны алмастырамын. Ақысына азық -түлік аламын. Аз да болса қанағат.
Бұған дейін кембағал жанның жұмыс істеуге рұқсат беретін құжаты да жоқ болатын. Бірақ қазір бәрін реттеп, тұрақты жұмысқа шығуға дайынмын дейді ол. Алайда ауылдық жерде жұмыс табу мүгедек тұрмақ, аяқ-қолы балғадай адамның да арманына айналған.