Бүгін астаналық ақ халаттылар абыр-сабыр. Тілшілерді шұғыл шақырып, баспасөз жиынын өткізді. Дәрігерлердің даурығатынындай жөні бар. Атышулы Калачидың төрт тұрғыны есінен танып, жедел Елордаға жеткізілген еді. Бұған дейін қалың ұйқыға кеткендерді Есіл ауданына немесе Көкшетаудағы облыстық ауруханаға алып кететін. Бұл жолғы науқастар енді Елордада емделуде. «Жұмбақ дерт дендегендерді әбден зерттедік» деген бас қаланың дәрігерлері мынадай қорытындыға келіпті.
Абай Байкенжин, «Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың» директоры:
— Бізге белгілі болғаны — бұл кісілердің барлығының оншақты жылдан бері келе жатқан хроникалық аурулары бар. Төрт аурудың төртеуі де бұрыннан келе жатқан жүрек аурулары, ми аурулары, диабет,инфаркт болған аурулар, сосын барып анемия болған.
Яғни, дәрігерлер «дені сау адамды ұзақ ұйқы қыспайды» деп отыр. Ал, ақ халаттылар аурудан ада балалардың не себептен естен танып жатқанын түсіндіріп бере алмады. Өйткені, соңғы кезде Калачидегі жұмбақ дерт жастар арасында да өршіп барады.
Елена Штырь, Калачи ауылының тұрғыны:
— Ұйқыдан, оянғандарының жүйкесі сыр бере бастаған. 17 жастағы қыз 6 рет ұйықтап тұрды. Бірақ дәрігерлер оның жүйкесіне осы ұйқының кері әсері тигенін мойындағысы келмейді. Қазір Алексеевкадағы жүйке аурулары диспансерінде миы зақымдалған деген диагнозбен жатыр.
Ал, Астанадағы ауруханадағы төрт тұрғынның жағдайы қазір жақсы екен. Әзірге дәрігерлер науқастардың құландай таза айығып кеткеніне сенімсіз, сондықтан үйлеріне жібермей ұстап отыр. Жалпы, үш жылдың ішінде Калачиден 124 адам белгісіз дертке шалдығып, ауруханаға түскен.
-Жұмбақ дерт әсіресе былтыр желтоқсанда өршіді. Не бары он күнде 44 адам дәрігерлерге жүгінген. Осылайша жұрттың жаппай есінен танып жатқанына қарамастан Денсаулық сақтау министрлігіндегілердің ақпараты оптимизмге толы. Шенеуніктер Калачи тұрғындарының орташа өмір сүру жасы 70-тен асады, өлім деңгейі де өзге аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда төмен деп есеп беруден жалығар емес. Ал, екі жылдан бері мамандар сансыз тексеру мен сараптама жүргізсе де бұл індеттің себеп-салдарын таба алмауда.