Елімізде адамның тізе немесе жамбас сүйегіне эндопротез салу тегін жүргізілуде - kaz.caravan.kz
  • $ 464.73
  • 546.57
+11 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елімізде адамның тізе немесе жамбас сүйегіне эндопротез салу тегін жүргізілуде

Елімізде адамның тізе немесе жамбас сүйегіне эндопротез салу тегін жүргізілуде

Артроз және артритпен ауыратын жандардың қос балдақпен келіп, өз аяғымен қайтуы үшін жағдай жасалды. Елімізде азаматтардың тізе немесе жамбас сүйегін эндопротездеу жұмысы жеңілдетілді. Енді оқыстан ауыр жарақат алып, сүйегін сындырған жандар немесе кәрілікке байланысты аяғын жаза алмай қалғандарға тегін операция жасалады.

  • 14 Қаңтар 2015
  • 505
Фото - Caravan.kz

48 жастағы Алматы тұрғыны Гүлжан Ерімбетова артроздың ауыр түрімен ауырады. Қос аяғына да гоноартроз деген диагноз қойылған соң ол бірнеше жыл ем қабылдап көрген. Бірақ соңғы уақытта дәрі-дәрмектің әсері сырқыраған сүйектің ауруын баса алмай қалыпты. Сондықтан тізесін бүгіп, отырып-тұруы қиындаған Гүлжан эндопротез жасатуға бел буған.

Гүлжан Ерімбетова:

Автобустан түскенде, ауыр көтергенде біртүрлі ауыратын еді. Сонымен укол алдық, емделдік. Кішкене жақсы болды. Кейінгі екі жылда қатты ауырып, жүре алмай қалдым. Мені 12 ауруханадан осы жерге кеңес алу үшін жіберген.

Дәрігердің тексеруінен өтіп, тиісті анализдер жасалған соң науқастар хирургқа жіберіледі. Кемінде бір сағатқа созылатын отаға адамның қозғалысын қамтамасыз ететін тізе немесе жамбас бөлігіндегі сүйектер мен сіңірлер ілігеді. Нәтижесінде протез салынады.

Эндопротездеу отасы тегін жасалатындығына қарамастан, қазіргі уақытта оған кезекте тұрғандар аз. Себебі науқастарды шақырту жұмысы арнайы электрондық порталға жүктелген. Сонымен қатар дәрігерлердің саны ұлғайтылып, күніне 20 отаға дейін жасалады.

Манарбек Әубәкіров, №4 аурухананың эндопротездеу бөлімшесінің меңгерушісі:


Операциядан кейінгі күні біз науқасты тұрғызып, жүргіземіз. Барлық жаттығуларды көрсетеміз. Алғашқы реабилитация бөлімде басталады. Науқасқа шығатын кезде,  анықтамада барлығы жазылып тұрады. Қашан, қай уақытта, қандай жаттығу жасау керек екендігі.

Өткен жылдың өзінде тек осы ауруханада тізе және жамбас сүйегіне протез салу үшін 1456 ота жасалған. Дәрігерлер науқастарды келесі күннен бастап аяғынан тұрғызып, тиісті ем-домды жалғастырады.

Галина Хегай:

– Қайтадан аяғыма тұрып, өзім жүре алатыныма қуаныштымын. Енді немерелеріммен қыдырып, солардың қызығын көремін. Тізе буынының орнына протез қойылды. Қазірдің өзінде қозғалысым жеңілдеп қалды.

Алғашқы 7-8 күнді ауруханада өткізетін науқастар балдақпен жүріп, аяғын жаттықтырады. Кейін тиісті нұсқаулықтар беріліп, үйіне шығарылады екен. Бірақ олар 2 айдан соң қайта оралып, екінші бейімдеу курсынан өтуі тиіс. Себебі адам ағзасы протезді қабылдамауы да мүмкін.