7 жасар Ислам қыс басталғалы сабақтан жиі қалады. Борап жауған қалың қар үй есігімен қоса, аялдамаға жететін жолды да жауып тастайды. 1-сынып оқушысы үшін мектептен үйіне жету де оңайға соқпайды. Біреу қарсы алмаса, омбы қардың астында қалуы мүмкін.
— Мама, қалың қармен жүріп шаршадым.
— Енді маған не дейсің? Амал жоқ жүресің.
— Жүргім келмейді.
Осы ауылдың балалары да сабақты майшаммен отырып оқиды. Тоңазытқыш қаңырап бос тұрса, теледидар сатып алынғалы қосылмай қалған.
Баян Айғазинова, Павлодар қаласының тұрғыны:
-Үйге келіп адам сияқты жарық қосып, заманға сай өмір сүргің келеді. Тоңазытқышты ашып, балаларыма ішінен дәмді тағамдарды алып бергің келеді. Ал жарық атымен жоқ. Жиырма бірінші ғасырда тұрып, осындай күй кешудеміз.
Мәселені көтеріп, талай табалдырықты тоздырған 20 отбасы шенеуніктердің құрғақ уәдесіне тойғандарын айтады. Бес жыл болмаған жарықтың биыл да болмайтын түрі бар.
Болат Бақауов, Павлодар қаласының әкімі:
-Тұрғындар 2008 жылға дейін бұл үйлерді салып үлгерген. Жер бөлінгенімен, өзге де байланыс жасау жолдары қарастырылмай қалған. «Шаукен» деп аталатын бұл елді-мекенде электр жарығымен қоса, жол, су мәселелелері де бар. Қазір бұған байланысты жобаның сметалық құжаттары әзірленуде. Тек арнайы сараптамадан кейін ғана бюджеттен ақша бөлінуі мүмкін. Бірақ, қаржы биылғы бюджетте қарастырылмаған.
Қазір уақытша электр жарығын беру мәселесі қарастырылуда. Тек ол үшін әр отбасы өз қалтасынан ақша шығарып, электр бағандарын орнатулары тиіс.