Бұл — тәуелсіз сарапшының Қазақстанға алғашқы сапары. Оның мандатына сәйкес, ол БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңестің аясында бейбіт шерулер мен еркін бірлестіктер құру құқықтарын қадағалау міндетін атқарады.
«Біріншіден, мені осы елге шақырған сіздердің Президенттеріңізге және Қазақстан халқына алғыс білдіргім келеді. БҰҰ-ның арнайы баяндамашысын елдегі ішкі жағдаймен танысу үшін шақыру — толымды диалог құруға сеп береді. Әрине, кейде сын сөздер айтылуы мүмкін. Бірақ бұның барлығы адам құқықтарын қорғауға бағытталған. Әлемде адам құқықтарын мінсіз сақтайтын бірде бір ел жоқ», — дейді М.Киаи.
Тараптар бейбіт бас қосулар мен шерулерді өткізу саласындағы еркіндіктің негізгі мәселелерін талқылады.
Комиссия төрағасы Қуаныш Сұлтанов бейбіт жиындарды өткізудің біздің елдегі негізгі талаптарына, сонымен қатар қоғамдық және бұқаралық шараларды ұйымдастырудың ережелеріне тоқталды.
Оның атап өткеніндей, Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзулер 1995 жылдың 17 мамырындағы № 2126 «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» заңымен реттеледі.
«Барлық облыс орталықтарында және аудандарда бейбіт жиындарды өткізу орындары белгіленген. Олар жергілікті мәслихаттардың шешімімен анықталады. Мәселен 2012- 2014 жылдар аралығында елде 497 осындай акциялар өткізілген. Олардың 324-і жергілікті билікке алдын ала айтылмай ұйымдастырылған. Басым бөлігі Алматы, Астана қалаларында және ШҚО-да тіркелген», — деді Қ. Сұлтанов.
«Олардың негізгі бөлігі сот шешімімен келіспеу, үлескерлік құрылысқа қатысты дау-дамайларға арналған шаралар», — деді мәжілісмен.