Қара жәшігі болмайтын АН-2 құлау себебін анықтау қиындық тудыруы мүмкін - kaz.caravan.kz
  • $ 477.48
  • 555.83
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қара жәшігі болмайтын АН-2 құлау себебін анықтау қиындық тудыруы мүмкін

Қара жәшігі болмайтын АН-2 құлау себебін анықтау қиындық тудыруы мүмкін

Жамбыл облысында болған әуе апатының нақты себебі әлі анықталған жоқ. Әзірге күн райының қолайсыздығы – басты болжам ретінде қаралуда. Қазір оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Еске салсақ, кеше түс ауа Шу ауданындағы кен орнына қонуы тиіс ұшақ апатқа ұшырап, ішіндегі алты адам опат болған. Жалғыз жолаушы тірі қалды, бірақ оның өзі ауруханада ауыр халде жатыр.

  • 22 Қаңтар 2015
  • 342
Фото - Caravan.kz

Кешегі қаралы хабар жалпақ жұрттың жағасын ұстатты. Балқаштан көкке көтерілген АН-2 әуе кемесі Шудағы «Шатыркөл» кен орнына жетпей апатқа ұшырады. Куәгерлердің сөзінше, ұшақ екі мәрте қонуға талпынғанымен бұрқасын боран оған мүмкіндік бермепті. Үшіншісінде мүлдем бағытынан жаңылып, ұшып-қону жолағынан шамамен бір шақырым жерге құлаған. Борттағы жеті адамның алтауы тілге келмей жан тапсырған. Оның үшеуі «Қазақмыс» корпарациясының лауазымды тұлғалары: Ғабит Төлеубаев, Ұлбазар Есмағамбетова және 20 күн бұрын қырыққа толған Ербол Ыбыраев. Үшеуі экипаж мүшелері. Ал, ажал аузынан 28 жастағы геолог әйел аман қалды.

-Көктен құлаған әуе кемесінің сау тамтығы жоқ. Бөлшектері ат шаптырым аумаққа шашылған. Осыдан адамның аман қалғаны жұртты таңқалдырып отыр. Балхаштың 1986- шы жылғы туған тұрғыны, қазір ауруханада ауыр халде жатыр. Оның өмірі үшін дәрігерлер арпалысуда. Қызығы осы азаматша апатқа ұшырағаннан кейін 102 нөміріне хабар жіберіп үлгерген.

Тек осыдан кейін ұшақтың құлағаны белгілі болған. Бірақ апат болған жер бірден анықтала қойған жоқ. Тәртіп сақшылары өлім мен өмір арасында жатқан қызбен байланысу арқылы төтенше жағдайдың орнын әзер тапқан.Ал, аурухананың жансақтау бөлімінде жатқан Әсел Шаяхметованың халі мүшкіл. Ол дәрігерлердің жіті бақылауында. Өзі енді есін жиыпты. Өзімен бірге болғандардың қаза тапқанында білмейді. Бүгін-ертең науқасты Астана немесе Алматыдағы ауруханаға әкетуі мүмкін.

ҚаҺарман Сафаров, Шу қалалық ауруханасы жарақат бөлімінің меңгерушісі:

— Жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Жарақаттары үш жерден сүйек сынған, екі жерден ашық сынық.

Бақилық болғандардың денесі Шу қаласындағы мәйітханада жатыр. Марқұмдардың туыстары келеді деп күтілуде. Ал, алты адамның өмірін жалмаған апаттың себебін айту әзірге мүмкін болмай тұр. Оқиға орнында арнайы комиссия жұмыс істеуде.

Серік Мықтыбаев, Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:

-Әзірге кесіп-пішіп айту қиын. Болжаммен қайғылы жағдайға ауа райының қолайсыздығы себеп. Басқа ештеме айта алмаймыз. Марқұмдарға өтем ақы төлеу мәселесі де қарастырылуда. Қазір, қаза болғандардың туыстарымен а тығыз-байланыста отырмыз.

АН-2 шағын ұшағында қара жәшік болмайды. Сондықтан әуе апатының нақты себебін анықтау қиындық тудыруы мүмкін.