Үкіметті алаңдатып отырғаны — әсіресе Ресейдің арзан көліктері. Рубльдің құнсыздануынан көрші елдегі көліктің бағасы екі есе арзандап кеткені белгілі. Орыс валютасының құлдырауын Қазақстан тұрғындары тиімді пайдаланып соңғы 2 айда Ресейден 100 мыңнан астам машина сатып әкелген. Мұнымен қоса, сырттан кірген темір тұлпарлар экологиялық Еуро-4 стандартына жауап беруі тиіс. Осыған орай, келесі аптада премьер-министр Кәрім Мәсімов Мәскеуге барып осы мәселелерді көтермек. Себебі көрші мемлекеттен ағылған арзан тауар отандық зауыттарды шығынға батырып жатыр.
Рақым Ошақбаев, Кәсіпкерлердің Ұлттық Палатасының мүшесі:
— Бұл уақытша шара. Оның үстіне Еуразиялық экономикалық Одақ туралы келісімде сауда-саттыққа уақытша тыйым енгізуге болатыны жазылған. Үкіметте қазір жұмыс тобы құрылды. Біздің мақсат отандық бизнеске қолдау көрсету.