Ольга Родькина 33 жасында 5 баланың анасы атанып отыр. Екі күйеуі де жоқшылыққа шыдамай тастап кеткен. Аядай бөлменің бір бұрышында балалары сабақ қараса, екінші шетінде ас дайындап, үй жылытатын пеш тұр. Жақында оның мұржасы бітеліп, барлығы ыс тиіп жазым бола жаздапты. 80 жыл бұрын салынған үйлерінің ағаш едендері де шіріп, төбеден су сорғалап тұр.
Ольга Родькина, Семей қаласының тұрғыны:
-Төбе де опырылып ортаға түсе ме деп қорқамын. Сылағы бір рет ұйықтап жатқан баламның басына құлай жаздады. Қорқамын, бірақ басқа амалым жоқ.
Тұңғышы мектепке барып жүрсе, кішісі небары 4 айлық. Алатын жәрдемақысы 25 мың теңге. Оның өзі азық-түліктен артылмайды. Кенжесі бір жасқа толса, кіріс бірден 8 мың теңгеге дейін азаймақ. Ал әзірге көршілері ғана көмектесіп жүр.
Төкен Бегалиева, көршісі:
-Көмектесіп тұрамын. Мамасы келеді, тамақ беремін. Балалары кішкентай, ананы сұрайды, май сұрайды. Өйткені балалар ғой. Менің де балаларым бар, немерелерім бар.
Ал әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегілер қолдан келер көмекті аямаймыз деп отыр. Тек тиісті құжаттармен келсе болғаны дейді.
Азамат Құрманғалиев, Семей қалалық жұмыс беру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:
-Өте ауыр жағдайда қалған болса, кірісі төмен болатын болса, ол азамат бізге келіп, нақты құжаттарымен келіп, өткізулеріне болады. Бізде арнайы комиссия қарап, шешімін тауып, нақты жауап жолдайтын болады.
Мамандығы массажист келіншек қарап отырмайды. Кенжесімен отыратын адам табылғанда, нәпақа табуға шығып кетеді. Десе де, балалары жүдеу, киімдері жұтаң. Сондықтан кез келген көмекке қуанамын,-дейді Ольга.