Арыс қаласында бүтін бір отбасы қаңғып қалды - kaz.caravan.kz
  • $ 477.48
  • 555.83
+26 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Арыс қаласында бүтін бір отбасы қаңғып қалды

Арыс қаласында бүтін бір отбасы қаңғып қалды

Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласында тұтастай бір отбасы далада өмір сүруде. Минеевтердің үйі желтоқсан айында өртеніп кеткен. Содан бері 4 баламен қаңғырып қалды. Жергілікті билік өз қалтасынан пәтер жалдап та берген екен. Тек, оның ақшасы қаңтар айына толық төленбеген соң пәтер иесі қуып шыққан. Енді қақаған аязда шиеттей бала-шағамен өртеніп кеткен баспаналарының орнында тұрып жатыр.

  • 30 Қаңтар 2015
  • 384
Фото - Caravan.kz

Минеевтер отбасы осылай бүрсеңдеп жүр. Басқа амалы таусылған олар шыңылтыр аязда өртеніп кеткен үйінің орнын паналауға мәжбүр.

-14-ші желтоқсан күні электр сымдарының тұйықталуынан болған өрт бір сәтте бүкіл үйді шарпыды. Бұл кезде үйде 4 бала болған. Абырой болғанда ересектердің көмегімен балалар аман шықты. Тек, қалған заттарды аман алып шығу мүмкін болған жоқ. Қазір, 4 бөлмелі баспанадан қалғаны тек мына үйінді ғана.

Өмір бойы жиған-тергені мен құжаттары да өртеніп кеткенде әкім-қаралар тайлы-тұяғы қалмай осында келіпті. Бірнеше күн өткен соң уақытша тұруға пәтер жалдап берген. Тек ақшасы қаңтар айына толық төленбегендіктен, үй иесі шиеттей бала-шағамен қуып жіберген. Енді өртенген баспаналарына оралудан басқа амалдары қалмады.

— Мұнда үсіп өлетін шығармыз. Суық.

Үй иесі Кристина алапат өрттен қалған жалғыз кереуетпен, бірнеше тақтайшаны қардан тазартып жатыр. Бүгін бала-шағамен құшақтасып осында ұйықтамақ. Ал, әбден тоңған балалары анасының жаққан отына бой жылыта алмай әуре. Үйсіз қалғаннан кейін кішкентайларды үйіне шақырған туыстары екі күннен кейін шығарып жіберіпті.

Кристина Минеева, Арыс қаласының тұрғыны:  

— Туыстардан пайда жоқ. Бәрінен бұрын балаларға обал. Егер құжаттарды тезірек реттесек, жұмысқа да тұрар едім. Алимент пен еден жуушы болып істейтін анамның 20 мыңына қарап отырмыз. Алғашында көрші-қолаң мен әкімдік азын-аулақ киім мен ішер асты да беріп еді. Қазір мүлдем ұмытты.

Әуелде атқамінерлер құжаттарын жасап береміз деп уәде етіпті. Кейін уәдесінен тайған. Әзер дегенде күн көріп жүргендер енді құжаттарын да өздері жасатып жүр. Ал олардың далада қалғанын жергілікті билік бізден естіп, қатты састы.

Бесеубай Нарбеков, Арыс қалалық тұрғынүй-коммуналдық -шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

— Қазір біз барып орналастырамыз. Бұл мүмкін емес. Оны шығарып жібергенін бізге де айтқан жоқ қой . Қыста шығару адамшылыққа жатпайды.  Пәтер тауып берейік.

Қазір, бұл отбасы пәтер кезегіне 120-шы болып тұр. Айтпақшы, Минеевтердің үйі өртенгенде жалын көрші үйге де тиіп кетіпті. Енді өртенген дүниесін көршілері де не биліктен, не осы Минеевтерден дауламақшы.