— Міне, былай 3 метр. Былай өлшесеңде солай. Осы көлемнен айырып отыр мені.
Қазір Самат Қарамергеновтің қолынан сызғыш түспейтін болған. Үйінің бұрыш-бұрышын өлшеп, алты шаршы метрдің қайда кеткенін білмей әлек. Мемлекеттік бағдарлама бойынша арзан баспанаға қол жеткізген кезде қуанғаннан пәтерінің аумағына мән бермеген. Кейін көңілі орнына түскенде құжатта көрсетілген 81 шаршы метрдің 75 шаршы метрге тарылғанын аңғарыпты.
Самат Қарамергенов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
— Облыстық қаржы басқармасынан 6 шаршы метр жерімді қосып берсін немесе несиеге төлеген артық ақшамды қайтарып беруін талап етемін. Осы басқарма арқылы бізге пәтер үлестірілді. Жалғыз мені емес көршілерімді де алдап соқты ғой.
Тексеру жүргізген тәуелсіз сарапшылар да Саматтан өзге оның жүздеген көршілерінің пәтері құжаттағыға қарағанда анағұрлым кіші екенін айтыпты. Оны енді сотта дәлел ретінде ұсынбақшы. Ал мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер үлестірген қаржы басқармасы бұған біз кінәлі емеспіз деп отыр.
Дина Әйтенова, Ақтөбе облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары:
— Осы іс бойынша тағы да сотқа баруға әзірміз. Бізден еш кінә жоқ. Егер шағымданып жатса сотта жауабымызды айтамыз.
Ең қызығы Самат тұратын осы үйде облыс әкімінің бірнші орынбасарынан бастап, ол сотқа берген қаржы басқармасының басшылары да тұрады. Әрине, олардың ешбірі пәтерінің құжаттағыдан гөрі тар екендігін айтып отырған жоқ. Ал Самат Қарамергеновтің шағымы бойынша сот жақында өтуі тиіс.