Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер 100 мың теңгеден, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерге теңестірілген, Жеңіске үлес қосқан тұлғалар 70 мың теңгеден, Ұлы Отан соғысы кезінде қайтыс болғандардың ата-аналары, әскери қызметшілердің жұбайлары, Ленинград тұрғындары мен фашистік концлагерлердің жасөспірім тұтқындары30 мың теңгеден, тыл еңбеккерлері мен Ұлы Отан соғысында қайтыс болған мүгедектердің әйелдері мен Жеңіске үлес қосқаны үшін оларға теңестірілген тұлғалар 25 мың теңгеден алады.
Сонымен қатар, Астана мен Мәскеу қалаларында мерейтойды атап өтуге арналған іс-шараларға қатысатын ардагерлерге бюджеттен 61,8 млн теңге бөлінеді.
Биылғы жылы елде Жеңістің 70 жылдығын атап өтуге арналған 70-тен астам мерекелік шара өтеді. Оның ішінде ардагерлері «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталады, Астанада әскери парад өтеді, соғысқа қатысушылар мен ардагерлер үймен қамтамасыз етіледі.
Мұнымен қатар, соғыс ардагерлері тұратын тұрғын үйлерге жөндеу жүргізу және тұрмысына көмектесу шаралары өткізіледі, ардагерлерге көлікпен тегін жүру, санаторлық-курорттық емделу мүмкіндіктері беріледі.
Салтанатты жиындар, концерттер, кездесулер өтеді, кітаптардың тұсаукесері өтеді, фото және кітап көрмелері, қойылымдар ұйымдастырылады.