—Оранып отырмыз. Түнімен көз ілмедік. Қорқынышты.
Новенький ауылының тұрғындары Юрий Яковлев пен Ева Суетина үйлерінде күндіз-түні осылай оранып жүруге мәжбүр. Екі күннен бері үйлері қақап тұр. Газ құбырының жарылысы Зеленов ауданының 8 бірдей ауылын осындай күйге түсіріп отыр.
Геннадий Маханьков, Новенький ауылының тұрғыны:
-Жарылыстың қатты болғаны сондай, айнала жап-жарық боп кетті. Көзімізді шағылыстырып, алғашында ненің өртеніп жатқанын білмедік те.
Орынбор-Новопсков газ құбыры кеше түнде жарылып, арты алапат өртке ұласқан болатын. Оқиға Орал қаласынан 30 шақырымдай жерде болған. Аяғынан тік тұрған облыстық төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері де оқиға орнына дереу жете алмапты. Алдымен автогрейдермен жолды тазалап алуға тура келген. Сөйтіп, 3 сағат өткенде, газ тоқтатылып, өртты әзер өшіріпті.
Замир Бердашев, БҚО ТЖД басқарма бастығы:
-Сағат 2-де бүкіл авариялық жұмыстар аяқталды. Қазіргі уақытта «ҚазтрансГазАймақтың» жұмысшылары осы Переметный ауылына газ 100 пайыз берді. Қалған 8 ауылдарға бригадалар жұмыс істеп жатыр.
Оқиға салдарынан, Зеленов ауданының жылусыз қалған бірнеше мектептерінде сабақ тоқтатылды. Ал ауруханалар болса, электрлі жылыту құралдарының көмегімен амалдап отыр. Облыстағы тиісті орындар өңірдегі жағдайды бірнеше сағаттың ішінде қалыпқа келтіреміз деген уәде берді. Ал орын алған апат бойынша көлік прокуратурасы қылмыстық іс қозғады.