Әмен Әбжанұлы Қарағанды облысында дүниеге келген. 1941-ші соғысқа аттанып, екі жарым жылдан соң Киев түбінде ауыр жараланып, елге оралған болатын. Кейін Алматы көркемсурет училищесіне түсіп, одан әрі «Қазақфильмде» табысты қызмет етеді. Ол қазақ мультфильмінің негізін қалап, халық ертегілерінің озық үлгілерін көгілдір экранға шығара білген біртуар тұлға. Әсіресе, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі 1968 жылғы Бүкілодақтық кинофестивальде жүлдегерлердің қатарынан табылды. Тек КСРО-да емес, Әмен Қайдаровтың бұл туындысын әлем үздік деп таныған. Қазақ мультфильмінің майталманын соңғы сапарға шығарып салу рәсімі 7-ші ақпан күні Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында өтеді.