Ақтөбе тұрғыны әйелінің қазасына диагноздан шатасқан дәрігерлерді кінәлады - kaz.caravan.kz
  • $ 477.48
  • 555.83
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтөбе тұрғыны  әйелінің қазасына диагноздан шатасқан  дәрігерлерді кінәлады

Ақтөбе тұрғыны әйелінің қазасына диагноздан шатасқан дәрігерлерді кінәлады

Ақтөбе қаласының тұрғыны орта жасқа келгенде жалғыз қалғанына дәрігерлерді кінәлап отыр. Ерназар Шәкібаевтың жұбайы осыдан екі жыл бұрын жүрегіне жасалған отадан соң қайтыс болған. Дәрігерлер оның қалқанша безінде дерт болғанына мән бермепті. Мұны мәйітті тексерген сот-медициналық сараптамасы да дәлелдеген. Бірақ мамандар өздеріне таққан айыппен келіспейді. Ал осы оқиғаны тергеген тәртіп сақшылары да екі жылдан бері бір тоқтамға келер емес. Марқұмның туыстары енді істі жылы жауып қояды ма деп қорқады.

  • 7 Ақпан 2015
  • 357
Фото - Caravan.kz

Екі жыл бұрын Ерназар Шәкібаев жарынан айрылып, үш баламен қалды. Кенжесі Аяулымға әлі күнге дейін анасының қайтыс болғанын естіртпеген. Бүлдіршін болса, ең жақын адамының ұзақ ем алып ауруханадан ораларына сенеді. Ал Мира Шәкібаеваның жүрегіне 2013 жылдың сәуір айында операция жасалған екен. Екі күн бойы есіне келмесетен әйел ауруханада қайтыс болыпты. Мәйітті тексерген мамандар қалқанша безі ауратын келіншекке отаның ерте жасалғанын анықтаған.

Ерназар Шәкібаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

— Операция істемеу керек екен, емдеу керек екен. Қағазда жазылған.

Алғашқы сараптамада эндокринолог пен кардиохирургтың кінәсі тайға таңба басылғандай жазылыпты. Біріншісі марқұмның қалқанша безі ауратыны туралы мәлімет бермеген. Ал екіншісі операция алдында тиісті тексеру жүргізбеген. Бірақ дәрігерлер мұнымен келіспейді.

Берік Қасымов, М.Оспанов атындағы университеті медициналық орталығының кардиохирургі:

-Жүрегіне күш түскен. Оған ота жасау қажет болды. Біздің бөлімге түскенде онда эндокриндік сырқаты болған жоқ. Жалпы жүрекке жасалған отдан жүз адамның 3-4- еуі қайтыс болады. Тәуекелге барып ота жасаймыз. 

Мира Шәкібаеваның өліміне қатысты кейін екі сараптама жүргізілген. Біріншісінде дәрігерлерді кінәласа, екіншісінде жүрегіне күш түскені айтылған. Тергеушілер де істі жылдап созбалаңға салуда. Олар тағы да сараптама тағайындау керектігін айтады.


Ардагер Уайдин, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

-Қосымша сараптама тағайындау туралы өтініш жазатындарын айтқан болатын. Алайда екі жақтан да мұндай өтініштері әлі түсе қойған жоқ. Қылмыстық істің әріқарай жүргізуіне өздері кедергі болып отыр.

Жарынан айрылған Ерназар іс сотқа жетіп, дәрігерлерді жазалауды талап етуде. Тергеушілер уақыт оздырып, істі жауып тастайды ма деп қорқады. Дегенмен тағы сараптама тағайындау үшін арыз беруге жүрегі дауламайды. Себебі қортындысына күмәнмен қарайды.