«Лотерея ойыны реттелетін болды» - баспасөзге шолу - kaz.caravan.kz
  • $ 477.48
  • 555.83
+16 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Лотерея ойыны реттелетін болды» - баспасөзге шолу

«Лотерея ойыны реттелетін болды» - баспасөзге шолу

«Егемен Қазақстан» газетінде «Алматыға «сүйексіз» адам келеді» атты материал жарық көрді.

  • 10 Ақпан 2015
  • 704
Фото - Caravan.kz

Гиннестің рекордтар кітабына енген дағыстандық «буынсыз» адам Мухтар Гусенгаджиев 21-22 ақпанда Алматыға келіп, семинар-тренинг өткізеді. Қазіргі таңда аталмыш шараны ұйымдастырушылар танымал азаматтың  сапарына орай дайындық жұмыстарын жүргізуде. Айта кетейік, М.Гусенгаджиев жаһандағы ең иілгіш адам ғана емес, сонымен бірге, эстрадалық, цирктік, спорттық фестивальдердің жеңімпазы және көптеген атақтардың иесі. Оның, әсіресе, пластика бойынша жаттықтырушы ретінде даңқы ғаламға жайылған. Ол Мадонна, Памела Андерсон, Деми Мур сынды белгілі адамдарға жеке сабақ берген.  Сондай-ақ, Мухтар «Цирк дю Солейдің» атақты әртісі ретінде де танымал.

«Айқын» газетінде «Лотерея ойыны реттелетін болды» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Мемлекет Қазақстандағы табысы мол салалардың қатарында саналатын лотерея секторының тізгінін мықтап өз қолына алды. Осыған орай ел Парламентіне жақында «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» жаңа заңның жобасы енгізілген болатын. Мәжілісте құрылған арнайы топ осы құжат бойынша жұмысқа кірісіп кетті. Заң жобасын қалаулылар алдында қорғаған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, бүгінгі таңда елімізде лотерея қызметін мемлекеттік реттеу небәрі «лицензия берумен» ғана шектеледі. Алайда мұндай реттеу күтілетін нәтиже әкелмепті. Өйткені сала дамып жатқан жоқ, қайта барған сайын, бұл қызметке шектеулі топтың қолында шоғырлану қаупі төне бастағанға ұқсайды. «Атап айтқанда, қазіргі уақытта жекеменшік сектордағы 70-тен астам шаруашылық жүргізуші субъекті осындай лицензияға қол жеткізген екен. Бір қарағанда, енді олар арасында қатаң бәсекелестік қызуға тиістей. Алайда тек соның оны ғана лотерея ұйымдастырумен айналысады. Оның үстіне кірісі шаш етектен келетін бұл саладан ел қазынасына түсіп отырған түсім де шамалы»,-деп жазады басылым.  Үкіметтің хабарлауынша, лотереялар өткізуден мемлекеттік бюджетке төленген салықтардың және басқа да міндетті төлемдердің жалпы көлемі 2009 жылы  48 миллион теңгеге жуық, 2010 жылы — 153 миллион теңгедей, 2011 жылы 219 миллион теңгеге жуық болған. Рас, 2012 жылы күрт өсіп, екі еселеніп, 433 миллионға жетті. Бірақ түсімнің өсу қарқыны тез баяулап, 2013 жылы 533 миллион теңгені құрады. Былтырғы түсім де сол маңайда.


«Ана тілі» газетінің соңғы санында  «Кітапханаларда қандай кітап көп оқылады?» деген мақала жарияланды. «Қазіргі кезде осындай сауалнама жиі ұйымдастырылып жүр. «Ел не оқиды?» деген сұраққа бұдан артық әділ төреші бола алмайсыз. Қанша намысқа салғанымызбен, әлемдік деңгейде насихаты қатты жүріп жатқан шетел жазушыларының кітаптары алға шығып тұрғаны да талассыз. Ендеше, біздің жазушыларымыз да бәсекеге қабілетті болуы керек. Осы тұрғыда қазақ тілінде оқылымды кітап көбейсін дегіміз келеді»,-деп жазады мақала авторы.

«Экспресс-К» газетінде «Баки под завязку» атты мақала берілген. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшысы Сауат Мыңбаев Қазақстандағы жанар-жағармай құю стансаларында бензин бағасының арзандауы мүмкін екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұл ішкі нарыққа ресейлік арзан отынның көптеп жеткізілуіне байланысты. Атап айтқанда, бензин сақтайтын қоймалар еліміздің барлық аймақтарында толтырылған көрінеді.