«Оспановқа қатысты айыптау толық растау тапты. Оспановты 311-бап бойынша кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеумен қатаң режімді колонияға 11 жылға бас бостандығынан айыру қажет деп есептеймін», — деп бүгін сотта мемлекеттік айыптаушы Сандуғаш Рысбаева мәлімдеді.
Бұрын хабарланғандай, М.Оспанов былтыр 1 шілдеде ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен ұсталды. Кейіннен, 3 шілдеде сот оны тұтқындауға санкция берді. Қаржы полициясы М.Оспановқа табиғи монополия субъектісіне қолдау көрсету үшін 300 мың $ пара алды деп айып тақты.
Қылмыстық іс материалдары былтыр 20 қазанда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына берілді. М.Оспанов сотта өз кінәсін мойындамады.