Ал Бүкіләлемдік банктің бағалауы бойынша, күніне 2 доллардан да кем ақшаға өмір сүретіндердің саны қазір 2,5 — 3 млрд. адамды құрайды. Соның ішінде шектен тыс кедейліктің теперішін көріп, күн сайын 1 доллар да шығын шығара алмайтындар қатары 1-1,2 млрд. адамға шамаласады. Басқаша айтқанда, планета тұрғындарының 40-48 пайызы кедей тұрса, 16-19 пайызы өте-мөте кедейшілік қалпын кешіп келеді.
Бір назар сала кететін жайт, XX ғасырдың 80-ші жылдарынан XXI ғасырдың бас жағына дейін Жер бетінде өте кедей тұратындардың мөлшері шамамен 200 млн. адамға азайыпты. Бұған дені Қытайдағы сіңірі шыққан кедейлердің күрт кемуі негізінде қол жеткізілген. Ал 90-шы жылдардың басында әлемдегі екінші тұрғыны көп ел — Үндістанда ең кедей тұратындар көлемін қысқартуға бағытталған пәрменді шаралар қолға алынды. Мұның есесіне, Африканың оңтүстік Сахарасы өлкесі жағында соңғы 20 жылда кедей-кепшіктер көлемі күрт көбейіп кетті. Бүгінгі таңда әлемдегі қас кедейлердің үштен екі бөлігі әлі де Шығыс және Оңтүстік Азия елдерінде, төрттен бір бөлігі Африка Сахарасының оңтүстігінде тұрады. Ал жекелеген елдерді алып қарасақ, олардың көпшілігінде кедейлік деңгейі өте-мөте шеткі шекке келіп тұр. Мысалы, осы ғасырдың басында Замбия тұрғындарының 76 пайызы күніне 1 доллар да жарата алмайтын болып қалыптасты. Нигерияда бұл көрсеткіш — 71, Мадагаскарда — 61, Танзанияда 58, Гаитиде 54 пайызды құрайды. XX ғасырдың 90-шы жылдарынан мұндай кедейшілік қамыты бұрынғы социалистік елдер лагеріндегі елдерге де іліне бастады. Мысалы, қазіргі Молдовада жұрттың 64 пайызы кедей, 22 пайызы өте кедей саналады. Моңғолиядағы көрсеткіш бұдан да жоғары. Ол тиісінше 75 және 27 пайыздарды еншілейді.
Қазір ғалымдар мен мамандар осы кедейшілік құрсауынан қалай шығуға болатыны жайын да талқылап жатыр. Олардың пайымдарынша, кедейшілікті шешудің ең басты факторы экономикалық өсім болмақ. Өйткені, экономикалық өсім ғана мемлекеттің жалпы ұлттық табысы көлемін арттыра алады. Осының арқасында тұтыну қоры қалыптасады. Сонымен бірге, экономикалық өсім қаншама қарқынды болғанымен, кедейшіліктің көлемін сол қалпында ұстап тұруға да болады. Бұл негізінен сол нақтылы мемлекеттің демографиялық өсімімен тығыз байланысты. Мұның мәнісі, біршама тәуір жасалып келе жатқан экономикалық өсім халық санының артуына ілесе алмай қалады. Мұндай жағдайды, мәселен, Нигерия бастан кешуде. Сондықтан бұл елде қазір жалпы ішкі өнімнің өсуінен келіп жатқан табыстың рахатын аттөбеліндей байлар ғана көріп отыр.
Кейінгі жылдардағы тәжірибелер қазір өте өткір саналып тұрған кедейшілік проблемасын жекелеген бір елдердің күш салуымен шешудің аса қиынға түсетінін айғақтап берді. Сол себепті де оны әлемдік ауқымда алып қарастырып, халықаралық деңгейді көтермей, жоқшылықтың ошағын жойып жіберуге болмайтыны белгілі болып қалды.