-Бұл ғимаратта кеңес тұсында аудандық атқару комитеті орналасқан екен. 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алғанда қазақ мектептеріне деген сұраныс пайда бола бастаған. Дәл сол жылы бұл ғимарат қазақ мектебіне беріліпті. Содан бері 24 жыл өтсе де мектеп әлі осында.
Мына акт залында қазір 8 сынып оқушылары сабақ оқып отыр. Егер қандай да бір шара өтетін болса, парталар жиналып, бұрышта үйіліп тұрған орындықтар қойылады. Ал мына бөлме кезінде директордың кабинеті болған. Қазір мұнда 4 сынып оқушылары алма кезек оқиды.
Данагул Серікбай, 4 сынып оқушысы:
-Мына сынып өте тар. Іші ыстық, кейде терлейміз. Бұл жерде дене шынықтыру сабағы болмайды.
-Қайда барасыңдар дене шынықту сабағына?
— «Құлагер» атты жаңа дене шынықтыру орталығына барамыз.
200 орынға шақталған ғимаратта қазір оқушылар саны екі есе көп. Оған мектеп жанынан ашылған интернат пен дайындық тобындағы 25 баланы қосыңыз. Мектеп директорының үстелінде тағы 67 баланың ата- анасынан түскен өтініштер жатыр. Оларға әзірге жауап бере алмай отырған бастық балалардың қолынан шыққан мына дүниені мақтанышпен көрсетті.
Сәрсенкүл Сүйесінова, Новоишимка мектебінің директоры:
-Бұл оқушылардың арманы. ЭКСПО-ға байланысты бізде байқау өткен. Сонда балалардың ойынша, біз болашақтағы мектепті көргіміз келеді деп. Сондықтан балалардың ойымен жасалған бұл мектеп.
Баласын ана тілінде оқытамын деген ата-аналар ауданда жыл сайын көбейіп келеді. Бірақ мұндағы жалғыз қазақ мектебінде орын жоқ.
Шәпия Құсайынова, Новоишимка ауылының тұрғыны:
-Бұрын өзімнің балам бірінші сыныпқа барғанда мен ойлайтынмын осы жаңа мектепте оқитын шығар деп. Енді міне немеремнің алды бесінші оқиды, біреуі үшінші оқиды, әлі де сол мектепті күтеміз. Ауадай қажет осы мектеп.
Жаңа ғимараттың сметалық құжаты былтыр ғана дайын болыпты. Республикалық бюджеттен 1 миллиард 700 миллион теңге бөлінгенге де ұқсайды. Егер құрылысшылар қалт қимылдаса, жаңа білім ордасы 2016 жылы ашылады деп сендірді жергілікті шенділер.