«Аудан әкiмдерiнiң жуырда халықпен кездесулерi көрсеткендей, қоғамдық көлiктiң жұмысын ұйымдастыру, жол құрылысының сапасы — ең өткiр және бақылаусыз қалған мәселелердiң бiрi. Бiздiң мiндет- жағдайды түзеу. Бiз қаланың көлiктер моделiн түбегейлi өзгертуге тиiспiз. Осыған байланысты көлiктiк бағыттар өзгертiлiп, электрондық билеттеу жүйесi енгiзiледi. Интеллектуалдық көлiктiк жүйенi енгiзу жұмысы кезең-кезеңiмен жүзеге асырылады», — дедi ол.
Әкiмнiң айтуынша, Астананың оң жағалауындағы ескi аудандарда жолдың көлiк өткiзу деңгейi төмен.
«Қалада үнемi кептелiстер болып тұратын 18 жол бөлiгi бар. Бұл мәселе барша астаналықтарды алаңдатады. Сондықтан, әкiмдiк, биыл бiрқатар шараларды қолға алмақ.
Атап айтқанда, 108 шақырым жол салынады. Олардың қатарында 30 көше және 11 тұрғын үй алабындағы 24 шақырым жол бар. Сонымен қатар, Республика даңғылындағы Талисман дүкенi алдында ең белсендi қозғалыс аумағындағы жерасты жаяу жүргiншiлер жолын салу қарастырылуда, сондай-ақ жедел автобустар желiсi пайда болады», — деп атап өттi Ә. Жақсыбеков.