Тоқтала кететін жайт, Қазақстан мен Ресей арасындағы елімізге мұнай және мұнай өнiмдерiн жеткiзу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келiсiм 2010 жылы қабылданып, кейіннен 2013 жылдың 3 сәуiрiнде қосымша хаттамасы ратификацияланған болатын. Соңынан екiжақты келiсiмнiң шарттары 2015 жылдың 1 қаңтарына дейiн тағы ұзартылды.
«Екiжақты келiсiмді жүзеге асыру мерзімі аяқталуына байланысты, тараптар Еуразиялық экономикалық кеңестiң келiсiмшарты аясында 2016 жылғы 1 қаңтарға дейiн мұнай және мұнай өнiмдерiнiң ортақ нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын бекiтеді және 2018 жылғы 1 қаңтарына дейiн ЕАЭО мұнай және мұнай өнiмдерiнiң ортақ нарығында бағдарлама жасаулары қарастырылған. Осыған орай, тараптар 2024 жылғы 1 қаңтарға дейiн бағдарламадағы барлық iс-шараларды iске асыруы және 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін ЕАЭО мұнай және мұнай өнiмдерiнiң ортақ нарығын құру туралы халықаралық келiсiмшарт жасаулары қарастырылып отыр», — дедi заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Энергетика вице-министрi Ұзақбай Қарабалин.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ескере отырып, тараптардың Қазақстан Республикасына Ресейден мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау мәселелері қолданыстағы келісімшарт аясында реттелетін болады.
«2014 жылғы 24 мамырда қол қойылған хаттамаға сәйкес, қолданыстағы келiсімді жүзеге асыру мерзiмi 2019 жылдың 1 қаңтарына дейiн ұзартылған болатын. Осы мерзiм аяқталғаннан кейiн, егер келiсiмнiң бастапқы қолданылу мерзiмi бiтерден кемiнде 6 ай бұрын тараптардың ешқайсысы оны тоқтату туралы ниетiн екiншi тарапқа жазбаша түрде хабардар етпесе, хаттама автоматты түрде бес жылға, яғни 2024 жылдың 1 қаңтарына дейiн ұзартылады», — деді Ұзақбай Қарабалин.
Оның сөзіне қарағанда, қолданыстағы келісім нәтижесінде Қазақстан Ресей мұнайын баж салығын төлеусіз жеткізу мүмкіндігіне ие болып отыр.