Досаевтан қалмаған Сұлтанов та депутаттардың көңілін аулап жүр. Себебі еліміздің бас экономисті мен бас есепшісіне бюджетті тездетіп қайта бекітіп алу керек. Қысқартылатын соманың көлемі аз емес. 700 миллиард теңге. Осы үнемделетін ақшаны есептеп шыққан министрлер, оны дереу жүзеге асуы тиіс жаңа бағдарламаларға қайта бөліп жатыр. Сөйтіп биыл дағдарысқа қарсы шараларға 101 миллиард теңге жұмсалмақ.
Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
-17 миллиард 300 миллион теңге бірінші кезекте білім беру обьектілерінің құрылысына, 3 ауысымдық оқыту мектептерді жоюға,12 миллиард 700 миллион теңге мектепке дейінгі мекемелердің «Балапан бағдарламасы» аясында мемлекеттік тапсырыстарын орындауға жұмсалады.
Арзан үй салуға, жаппай жол жөндеуге, ауыл шаруашылығы мен бизнесті қолдау жалғаса береді. Сонымен қатар Үкімет елімізге ағылып жатқан Ресейдің арзан көлігіне тосқауыл қою үшін банкроттың алдында тұрған отандық автоөндіріске 20 миллиард бөлмекші. Тіпті машина сатып алушыларға пайызы төмен несие үлестіретіне уәде етіп отыр. Өйткені тұрғындар рубльдің құнсыздануын сәтті пайдаланып, екі ай ішінде Ресейден 50 мың көлік кіргізген. Бұл біздегі зауыттардың бір жылдағы табысы екен. Біріне беріп, екіншісінен бөлініп қойған ақшаны қайтып алып жатқан Үкімет тек шығыны көп жобалардың кейінге шегерілгенін айтады.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
-Баға өзгеріп отыр ғой. Әрі қарай не болатынын ешкім айта алмайды. Ертеңгі күні бұдан да жаман болуы мүмкін. Сондықтан 250 миллиардты Ұлттық қордан бөлінген трансферттің бәрін резерв ретінде сақтап отырмыз.
Ал бүгін бюджетке келгенде әр тиынды санап үндері батыл шығатын мәжілісмендер жуасып қалғандай. Сандарды нақтылағаны болмаса, Досаев пен Сұлтановтың мазасын алған жоқ. Мүлгіген тыныштықты тек бір депутат бұзып, бюджетпен бірге шенеуніктердің қаптаған шабармандарын да қысқартуды ұсынды.
Құттықожа Ідірісов, Мәжіліс депутаты:
-Мәселен, Ұлттық компания басшыларында кеңесшілер деген көп. Одан қалды 5-6 орынбасары бар. Соның қаншалықты қажеттілігі бар.Қысқарту боп жатқанда.
Енді артық штат ашып қос-қостан көмекші, кеңесші ұстайтын атқамінерлерге тыйым салынбақ. Шенеуніктерге жиі іссапараға шығып, жаңадан техника сатып алуды да кейінге қалдыруға тура келеді. Оның үстіне министрліктерге бөлініп қойған 103 миллиард кері қайтарылған. Тек президент сайлауына деп бөлінген 5 миллиард теңге қысқартылмайды. Басқасының бәрін үнемдеп жатқан Үкімет үш жылдық бюджетті 2 аптаның ішінде қайта бекітіп алуды көздеп отыр.