КТК «Халық қалаулысы» атты байқау жариялады - kaz.caravan.kz
  • $ 477.48
  • 555.83
+16 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
КТК «Халық қалаулысы» атты байқау жариялады

КТК «Халық қалаулысы» атты байқау жариялады

КТК телеарнасы «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысымен бірлесіп, «Халық қалаулысы» атты республикалық байқауға өтініш қабылдап жатыр. Бүгінгі кейіпкеріміз қан майданға Маңғыстау өңірінен аттанған Исатай Сүйеубаев. Ол 29 жасында әскери қызметін Оңтүстік-Батыс майданы, 293-ші атқыштар дивизиясының құрамында бастаған. Сталинградты азат ету кезіндегі ерлігін сол кездегі армия генералдары мойындап, «Кеңес одағының батыры» атағына да ұсынған екен. Алайда ол тым ерте өмірден озды.

  • 21 Ақпан 2015
  • 272
Фото - Caravan.kz

Салмановтар отбасы Исатай Сүйеубаевтай батыр бабалары болғанын мақтан тұтады. Лесхан аға туысының ерлігі туралы кітап жаздырып, оны балаларына оқып беруден жалыққан емес. Исатай жастайынан мерген, балуан болыпты. Мұнысы соғысқа аттанғанда көп пайдасын тигізсе керек. Сталинградты азат ету кезінде 150 фашистің көзін құртып, 7 бірдей жау жасағын жайратқан деседі.

Лесхан Салманов, Исатай Сүйеубаевтың туысы:

-Бұл ақпаратты Подольскдегі Кеңес Үкіметі армиясының әскери теңіз флотының мұрағатында 350 неміс деп көрсетілген. Сәуірбай Есімұлы ол 350 десем, ертең ел маған сенбейді, келемеж қылады деп, 150 ғана қылып алған.

Бұл ауызекі айтылған сөз емес. Исатайдың батырлығы сол кездегі армия генералдарын да таң қалдырыпты. Тіпті оның қан майдандағы ерлігін баяндап, сол кездегі Гурьев облыстық партия комитетіне хат жолдаған.

Жаңабай Қаржаубайұлы, Ақтау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

-Жуырда танк десанты ұрысына қатысқан Исатай, көптеген фашисттердің көзін құртты. Бір кезде патроны да бітті. Ол енді жау дзотына танк люгінен граната лақтыра бастады. Бір неміс офицері ержүрек жауынгерді құрту үшін танкке қарап жүгірді, алайда оны да Сүйеубаев өз каскасымен ұрып өлтірді. Ұрыстың бір шағында бір қолынан жараланып, жауды екінші қолымен жапыра бастады.

Бұл Исатай Сүйеубаевтың бір ұрыстағы ерлігі үшін алған бағасы. Осы үшін майдан қолбасшысы оны «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынады. Алайда, қазақ жауынгері тек Ленин орденімен марапатталып, 1944 жылы елге оралған.


Түгелбай Жеткізгенов, Исатай Сүйеубаевтың туысы: 

-Отан қорғау жөніндегі патриоттық істері әлі де толық жарияланбай жатыр. Әлі де болса толық бағасын ала алмай жатыр. Облыс бойынша ешбір жерде бір шолақ көшенің аты жоқ, не бір мектептің аты жоқ.

Майдангер 1947 жылы оқыс оқиғадан мерт болды. Артында ұрпақ қалған жоқ. Бүгінде оның жоғын жоқтап жүрген аталас ағайындары. Мұрағаттарды аралап, Исатай Сүйеубаев туралы майдандастарының 1942-43 жылдары газеттерде жариялаған мақала, өлеңдерін тапқан. Онда батырдың өзге де ерлігі туралы баяндалады. Ардагерлер кеңесі майдангерге «Халық қаһарманы» атағын сұрап, президентке хат жолдады.