Кеше Жаңаөзеннен Ақтаудағы облыстық ауруханаға 4 бала жеткізілген. Бұған дейін 3 қызды алып келген еді. Олар әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Ата-аналар балалардың жағдайы күн сайын нашарлап бара жатқанын айтады. Ал Астанадан алдырған дәрігерлерді әлі ешкім көрмепті.
Дәметкен Самаликова, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
-3 күн болды реанимациядан шықпайды. Егер шығара алмаса, емдеу қолынан келмесе, Астанадан мамандар, профессорлар неге шақыртпайды, неге емдетпейді? Екпе саламыз деп тым жақсы шауып жүрген қыздарды құлатты. Енді тұрғызсын орнынан.
Денсаулық сақтау министрлігі Үндістанда шығарылған қызылшаға қарсы екпенің 1 миллион дозасын сатып алған екен. Апта басынан бері сол вакцинаның 400 мыңы 16 және 19 жас аралығындағы жасөспірімге салынған. Енді Тараз, Теміртау мен Жаңаөзендегі жағдайдан соң еліміздің бас санитар дәрігері вакцина салуды уақытша тоқтатыпты. Әзірге дәрі сараптамадан өтіп жатыр. Егер оның сапасында кемшілік болмаса, вакцинация наурыздан бастап қайта жалғаспақ.