Сонымен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлықтарымен Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Бақыт Амангелдіұлы Дүйсенбаев Қазақстан Республикасының Андорра Князьдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы қызметіне, Қазақстан Республикасының Швеция Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Дастан Шериазданұлы Елеукенов Қазақстан Республикасының Дания Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы қызметіне, Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Данияр Қабидоллаұлы Сарекенов Қазақстан Республикасының Бруней-Даруссаламдағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарушы қызметіне, Шахрат Шәкизатұлы Нұрышев Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметіне тағайындалды.
Б.Дүйсенбаев 1970 жылы Петропавл қаласында дүниеге келген. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, РФ Сыртқы істер министрлігі жанындағы дипломатиялық академияны бітірген. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеп, еуропа және Америка департаментінің директоры қызметін атқарған. 2012 жылдан елші қызметінде. Д.Елеукенов Швециядағы, ал Д.Сарекенов Малайзиядағы Елші қызметін 2013 жылдан бері атқарып келе жатқандығы белгілі.
1972 жылы Алматы қаласында дүниеге келген Ш.Нұрышев Бейжің лингвистикалық университетін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Біраз жыл еліміздің Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеп, аталған ведомствоның ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болған. ҚР ШЫҰ жұмысы жөніндегі ұлттық үйлестірушісі қызметін атқарған.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметіне қайта тағайындалған Қуандық Тұрғанқұлов 1949 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, «Қайнар» университетін бітірген. ҚР Президенті Аппаратында жұмыс істеген. 1996 жылдан ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары, Төрағасы болған. Елбасының 2010 жылғы 9 сәуірдегі Жарлығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы болып жаңа бес жылдық мерзімге тағайындалған.
Сәкен Жүнісбекұлы Мұсайбеков Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалды.
С.Мұсайбеков 1967 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Әр жылдары ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының көмекшісі, ҚР мемлекеттік кіріс министрінің кеңесшісі, ҚР Қаржы министрлігі әкімшілік департаментінің директоры, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің «Қазақавтожол» РМК бас директорының орынбасары, ҚР Қаржы министрлігі аппаратының басшысы, ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі қызметтерін атқарған. 2008 жылдан «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ аппаратының басшысы болған. 2012 жылдан бері «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы» қауымдастық формасындағы заңды тұлғалар бірлестігінің бас директоры болып жұмыс істеген.
Осы аптада ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми Атырау облыстық сотының жаңа төрағасы Марғұлан Жұбанышұлы Бектұрғановты ұжымымен таныстырды. Марғұлан Жұбанышұлы — кәсіби судья әрі тәжірибелі басшы. Аудандық соттың төрағасы, облыстық сот алқасының төрағасы қызметтерін атқарды. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Жамбыл облыстық сотының төрағасы лауазымында болды. Сот жүйесіндегі қызметтік өтілі 17 жылдан асады. Ал Атырау облыстық сотының бұрынғы төрағасы Мұхтар Керімқұлұлы Смағұлов Павлодар облыстық сотының төрағасы болып тағайындалды.
Ал Жамбыл облыстық сотының төрағасы қызметіне Рүстем Мырзакәрiмұлы Алшынбаев келді. Рүстем Мырзакәрiмұлы — кәсіби судья, тәжирибелі басшы. Бірқатар өңірлерде алқа төрағасы болып еңбек етті. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Алматы қалалық сотының алқа төрағасы болды.
Ақмола облыс әкімі Сергей Кулагиннің өкімімен және аудандық мәслихат депутаттары келісімінің негізінде Асқар Мейрамбекұлы Қиықов Еңбекшілдер ауданының әкімі болып тағайындалды. Ол 1966 жылы дүниеге келген. К.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін бітірген. Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы, «ЛТД Макинск піспек сақиналары зауыты» директорының орынбасары, директоры, «Eurasia Group» ЖШС агрономы, бөлім басшысы, «Еңбек-Береке» ЖШС директоры болған. Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған. «Құрмет» орденімен наградталған.
Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданын бұдан былай Руслан Рүстемұлы Рүстемов басқаратын болды. Ол 1968 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген. Қызылорда қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, Қызылорда облысы әкімі аппараты әлеуметтік-саяси бөлімінің меңгерушісі, Шиелі ауданы әкімі аппаратының жетекшісі, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, «Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесінің бастығы болған. 2014 жылдан қазіргі қызметке тағайындалғанға дейін Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.
Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына әкім болып Нұржан Серікұлы Қалауов тағайындалды. Ал бұл ауданды осыған дейін басқарып келген Мәди Қанатұлы Елеусізов басқа жұмысқа ауысуына байланысты лауазымынан босатылған еді.
Белгілі тележүргізушісі Арман Сейітмамыт «Хабар» агенттігінің «24KZ» телеарнасына директор болып тағайындалды. Ол осыған дейін «24 KZ» арнасының шеф-редакторы қызметін атқарды.