Орловка — малмен ғана жан бағып отырған ауыл. Соңғы жылдары бұл маңда ұрлық-қарлық азайғасын, мал да далаға емін-еркін жібереді екен. Бірақ барымташылар бұл жолы оңдырмады. Бір түнде 100 бас жылқыны айдап әкеткен. Содан бері 6 ай өтсе де, тұрғындардың мал іздеп бармаған жері, баспаған тауы жоқ.
Ұлан Байтеміров, Орловка ауылының тұрғыны:
-100 бас жылқыны кез-келген адам айдап әкетіп бірден жоқ қыла алмайды. Ұрлық екенін білісімен, ауыл болып ізіне түстік. Таппадық. Оны бір адам емес, қылмыстық топ ұрлаған. «Қамқоршыларының» де бар екеніне көзіміз жетіп отыр.
Жүген ұстап қалған жұрттың бұлай сөйлеуі бекер емес сияқты. Кешікпей тәртіп сақшылары барымта жасап жүрген 6 жігітті таптық деп жар салған. Тіпті күдіктілерді тергеуге мал иелерін де қатыстырыпты.
Уәлихан Тайшиев, Орловка ауылының тұрғыны:
-Оның барлығы таныс сыбайластар. Ұры жігіттерді бәрі біледі. Солтүстік Қазақстан облысы Шөптікөл ауылынан Нүркен деген жігітті алып келді. Ол бәрін айтып берді. Қай жерден алғанын, қай жерде көмектескенін. Полицияға айтты. Біз қасында тұрдық.
Осыдан кейін тұрғындар малдың табылатынына бек сенімді болған. Бірақ іс сол күйі сиырқұйымшақтанып кетті. Тіпті ұрлыққа қатысы бар күдіктілер ауылдан көшіп тынған. Ал полицияның жауабы әдеттегідей.
Гүлнар Пинчук, Ақмола облыстық ІІД баспасөз хатшысы:
-Есіл ауданында мал ұрлығына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер де белгілі. Тергеу жүріп жатыр.
Полиция мен прокуратурадан да қайран болмасын түсінген жұрт Астанаға да хат жөнелтіпті. «Жылқыларымаз түгел табылса, тіпті ұрыларды кешіруге әзірміз» дейді амалы құрыған қараша.