Есінен танған оқушы, сол есін жимаған күйде қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Нұрханым Талғатқызы дереу жансақтау бөліміне жатқызылды. Әкесінің айтуынша, екпеден соң бір аптадан кейін қызының денесі бөртіп, ал 15-ші тәулікте қызуы көтіріліп құлаған. Оқушының осындай халге түсуін жақындары вакцинамен байланыстырады.
Талғат Таңқыбеков, Меркі ауданының тұрғыны:
— Жедел жәрдем шақырып, орталық аурухаға алып барды жансақтау бөліміне. Сол жерде бүгінгі таңға дейін ес-түссіз жатты.
Әкесі осы екпенің салынуына үзілді-кесілді қарсы болған екен. Соған қарамастан дәрігерлер «әке-шешесінің рұқсаты бар деген» жалған қағаз жасату арқылы, дәріні егіп жіберген. Енді соңы осылай қайғылы жағдаймен аяқтала жаздады. Бірақ ақхалттылар бұл қалыпты жағдай деген пікірде. Ал, оның денсаулығының күрт нашарлауын екпеге қатыстыру қисынсыз деп отыр.
Айгүл Айтбаева, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
-Талғатқызы Нұрханым екпені 11 ақпан күні алған. Бүгін 16-шы тәулік өтіп отыр. Екпенің кері әсерлері 10-12 күнге дейін кері әсерін береді. Бұл қызда тұмаудың белгілері бар. Сондықтан біз ешқандай екпемен байланысы жоқ деп айтамыз.
Дәрігерлердің сөзінше оқушының қазіргі жағдайы қалыпты. Дегенмен әлі де тексеру жұмыстары жүргізілуде. Өткен аптада меркілік 16 жастағы жасөспірімді екпеден құлады деп ата-анасы шу шығарған болатын. Сорақысы дәрігерлер диагнозын қоя алмай қиналып, соңында науқасты психдиспансерге жіберуге мәжбүр болған. Оған ызасы туған ата-ана қыздарын үйлеріне әкетіп, енді өзіміз аяғына тұрғыздық деп отыр.