Нұржамал Мырзақұлова Атырауға Шымкенттен жетіп, «Плэйткойн» кеңсесінің табалдырығын тоздырумен жүр. Қаржы пирамидасында інісі және сіңілісі үшеуі 3 миллион теңге салған. Оны 30 пайыздық өсіммен қайтарып алмақ болыпты. Атырауға келгелі жарты айдан асса да, үстемақы түгілі өз қолымен салған ақшасын алуға зар болып жүр.
Нұржамал Мырзақұлова, Шымкент қаласының тұрыны:
-Атырауда «лохтар» көп деді. Мен сотталғанмын, ештеңе істей алмайсың деп айтты.
Нұржамалдың сөзіне сенсек, қалталы атыраулықтар «Плэйткойнның» есепшотына екінші деңгейлі банктер арқылы 2-ден 12 миллион теңгеге дейін салған. Солардың тағы бірі – Үзілсін Тастанова. Өзі ғана емес, ағайын-туысын да үгіттеп, 2 миллион теңге салуға көндірген. Ақшасының өсімін алмақ болып барғанда, компания басшысы балағаттап, қуып шығыпты.
Үзілсін Тастанова, Атырау қаласының тұрғыны:
-Компания халықты алдап, ақшасын алып өзінің жеке басына пайдаланып отыр. 3 машина алған, 3 лимузин алған, астында 777 нөмірлі алтын түсті «Мерседес» мініп жүр. Коттедж, үйлер алып жатыр. Бәрін тәркілеу қажет. Халықтың ақшасын қайтарсын.
Ал мынау Жеңіс Қанахметов есімді азамат. Ол басшылық ететін «Плейткойн» компаниясының ғаламтордағы сайтында 63 мыңнан астам мүшесі бар екені жазылған. Тіпті ақшаларын еселеп қайтарып алып тұрған қазақстандықтардың бейнежазбасы салыныпты. Бірақ бұл адамдарды тарту мақсатында жасалған көзбояушылық,- дейді алданғандар. Қанахметовтың өзі ақшаларын даулап барған тұрғындарды пысқырар емес.
— Кет!
— Кетпеймін. Ақшамды қайтар менің!
— Бермеймін саған ақшаңды!
Тергеудің құпиялылығын сылтау етіп, камера алдында сұхбат беруден бас тартқан тәртіп сақшыларының айтуынша, ақпан айынан бері алданып қалған онға жуық тұрғыннан арыз түскен. Соған сәйкес, Қылмыстық Кодекстің «алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалыпты. Жұртты ақшаға қарық қыламын деген Жеңіс Қанахметовтың қылмысы дәлелденсе, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін дейді тергеушілер.