БҰҰ-ның 70 жылдығы Ұлы Жеңіс мейрамының 70 жылдығымен тікелей байланысты - kaz.caravan.kz
  • $ 472.48
  • 550.06
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
БҰҰ-ның 70 жылдығы Ұлы Жеңіс мейрамының 70 жылдығымен тікелей байланысты

БҰҰ-ның 70 жылдығы Ұлы Жеңіс мейрамының 70 жылдығымен тікелей байланысты

 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 70 жыл толуына орай «Берік БҰҰ-мен әлем де жақсарады» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Еліміздің көшбасшы университеттерінің бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті конференцияны БҰҰ-ның «Академиялық ықпалдастық» атты Ғаламдық Хаб бағдарламасы барысында ҚР БҒМ, ҚР СІМ, БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігімен бірлесе отырып ұйымдастырды. Естеріңізге сала кетсек, ҚазҰУ «Академиялық ықпалдастық» бағдарламасына қабылданған Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны.

  • 3 Наурыз 2015
  • 622
Фото - Caravan.kz

     «Академиялық ықпалдастық» – бұл  әлемдік деңгейде мойындалған міндеттерді белсенді қолдауға, адам құқығы, біліктілік, тұрақты даму, бейбітшілікті сақтау және қақтығыстарды шешу, мәдениетаралық диалогта әлемнің 90 еліндегі  500-ден астам  университетті біріктіретін БҰҰ-ның жаһандық бастамасы. ҚазҰУ-дың БҰҰ-ның бағдарламасына енуіндегі алғашқы қадамдарының бірі аталмыш ғылыми-тәжірибелік конференцияның өтуі. 

      Конференцияға арнайы шақырылған қонақтар қатарында БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдері, дипломатиялық миссия төрағалары мен халықаралық ұйымдар мүшелері болды. Бас спикерлердің бірі болған Қазақстан Республикасының БҰҰ бойынша тұрақты өкілі, халықаралық істер жөніндегі экс-министр, профессор А.Х. Арыстанбекова БҰҰ-ның ел біле бермейтін даму тарихы туралы баяндама жасады.

        Бас өкіл баяндамасын «БҰҰ-ның 70 жылдығы Ұлы Жеңіс мейрамының 70 жылдығымен тікелей байланысты. Биыл БҰҰ өкілдік бағдарламалары мен қорлары, кәсіби ұйымдары өз жұмыстарын осы мерейтой аясында жалғастырады»  деп аяқтады.

       «Берік БҰҰ-мен әлем де жақсарады» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда БҰҰ-ның ғаламдық бейбітшілік пен қорғаныс рөлі, тұрақты даму белсенділігі, ғаламшардың экологиялық қорғанысы, адам құқығының қорғалуы мен әлемдегі демократиялық құндылықтар, сонымен қатар БҰҰ мен Қазақстан қарым-қатынасын нығайту сияқты өзекті тақырыптар қозғалды.

         «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті  адамзат тарихында мәселелер бойынша халықаралық академиялық орталықтарды біріктіріп, келіссөз өткізіп, тәжірибе алмасып тұруды қолға алуда. Соның бірі – бүгінгі конференция. 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Республикасы 168-ші мемлекет болып БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында БҰҰ мүшелігіне қабылданды. Осыған байланысты, бұл кездесу бүгінгі күнге арнайы ұйымдастырылып отыр» деп мәлімдеді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.М. Мұтанов.


        Конференция  «БҰҰ – бұл біз» атты студенттік акциясымен басталып, «БҰҰ: 70 жыл бойы фотосуретте» фотокөрмесімен аяқталды.