Қазақстан тарапынан делегацияға сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, Еуроодақтан — Латвия сыртқы істер министрі Эдгарс Ринкевичс басшылық етті.
Шара барысында тараптар ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады, сондай-ақ ҚР-ЕО кеңейтілген әріптестігі келісіміне тезірек қол қойылуына мүдделілігін білдірді.
«Кеңейтілген әріптестік туралы жаңа келісім аймақтық және жаһандық қауіпсіздік мәселелерінен бастап, заңның үстемдігі және мемлекеттік құрылысқа дейінгі Қазақстан мен Еуроодақ ынтымақтастық жөнінде уағдаласқан 29 саланы қамтиды», — деді Ерлан Ыдырысов отырыс нәтижелері бойынша брифингте.
Сонымен қатар сауда-экономикалық ынтымақтастық тақырыбы да қозғалды. Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Еуропа Қазақстанның басты әріптесі екенін еске салды, ЕО мемлекеттері ҚР-ына тікелей жеке инвестициялардың бүкіл көлемінің жартысынан астамын құйып отыр.
Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, тараптар жаһандық және аймақтық қауіпсіздік, экология және энергетика, ғылым мен техника, білім беру, заңның үстемдігі, азаматтық институттар құрылысы және басқа да мәселелерді талқылады.
«Біз Украинадағы жағдайды егжей-тегжейлі талқыладық. Еуропа біздің мемлекетіміз басшысының украин дағдарысын реттеуге қосқан үлесін жоғары бағалауда. Біз Ауғанстандағы жағдайды, Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі, Таяу Шығыстағы мәселелерді, халықаралық лаңкестіктегі қауіпті жағдайды және басқа да тақырыптарды мұқият талқыладық», деп атап өтті сыртқы істер министрі.
Қазақстандық СІМ басшысы ҚР-ЕО кеңейтілген әріптестігі туралы келісімді келісу және мақұлдау үдерісін Еуроодақтың барлық мүшелері ойдағыдай және белгіленген мерзімдерде өткізетініне сенмін білдірді.

