Мына 3 бала туған күнінде тәтті тоқаш жеудің орнына ата-аналары мен олардың бөтелкелестерінің тартқан темекісі мен ішкен ішімдігінің қолаңса иісін жұтуға мәжбүр. Төрт күннен бері үйден мас достары әлі кетпепті. Пәтердің іші астан-кестен. Үйді қоңыз мен қандала басыпты. Таяуда бұл отбасы осы баспанадан да айырылатын түрі бар.
Бұлар 11, 9 және 5 жастағы балалардың киетін киімдері. Қыстың қаһары әлі қайта қойған жоқ, жасөспірімдер болса, жаздық қиіммен жүр. Балалардың аш, жалаңаш жүргенін қаладағы бір дүкеннің иесі байқап, үйіне іздеп барған. Азық-түлік, киім-кешекпен көмектесіпті. Бірақ ата-аналарын ішімдікті қоюға көндіре алмаған.
Евгения Демина, Ақтау қаласының тұрғыны:
-Екінші рет барғанымда үйі толған мас адам. Әкесі де, шешесі де удай мас. Бәрі шетінен сұлап жатыр. Балалар болса, ас бөлмесіне кіре алмай жүр. Үй сасып кеткен.
Осыдан соң Евгения Демина бірден учаскелік инспекторға жол тартыпты. Тәртіп сақшылары болса, бұл отбасымен таныс екен.
Азамат Сарсенбаев, Маңғыстау облыстық ІІД өкілі:
-Оларға бірнеше рет ескерту жасадық. Болмаған соң бір жыл бұрын барлық құжаттарды жинап, қалалық қорғаншылық бөліміне шара қолдану туралы өтініш жасағанбыз. Бірақ содан бері әлі еш нәтиже көріп тұрған жоқпыз. Балалардың қамы үшін учаскелік инспекторларды жиі жіберіп тұрамыз.
Отанасы Светлана да қорғаншылық қызметіндегілердің бір-ақ рет келгенін айтады. Оның да нақты уақытын есіне түсіре алмады. Ал, балалардың тағдырына жауапты органның бөлім бастығы болса, бұл қызметке жарты жыл бұрын тағайындалғанын алға тартып, сұхбат беруден бас тартып отыр.