Көкшетауда акушерлер келіншектерді босандырудың орнына бас дәрігермен қырқысып жүр - kaz.caravan.kz
  • $ 472.48
  • 550.06
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Көкшетауда акушерлер  келіншектерді босандырудың орнына  бас дәрігермен қырқысып жүр

Көкшетауда акушерлер келіншектерді босандырудың орнына бас дәрігермен қырқысып жүр

Көкшетау қалалық перинаталдық орталығының бірден 25 дәрігері өз еріктерімен қызметтерінен кетуге өтініш жазды. Олардың 10-ы бөлімше меңгерушілері. Арасында 20 жылдан аса сонда акушер-гинеколог болып жұмыс істеп келе жатқан білікті мамандар да бар. Ақ халаттылар мұндай қадамға бас дәрігер Жанат Мусиннің басшы ретіндегі жұмысына көңілдері толмайтындықтан барыпты.

  • 6 Наурыз 2015
  • 473
Фото - Caravan.kz

Дәл қазір өмірге сәби әкелуі тиіс әйелге мына мамандардың көмегі ауадай қажет. Бірақ перзентхананың бөлім меңгерушілерінен бастап акушер-геникологтарына дейін пациентке мойын бұруға мұршалары жоқ. Басшымен арадағы дүрдараздықты шеше алмай дауласып жүр. Кикілжің перинаталдық орталыққа басшы болып Жанат Мусин келгелі басталған. Бір жарым жыл ішінде қарамағындағылармен тіл табыса алмаған бас дәрігердің, енді қызметтестері кетуін талап етіп отыр.

Болат Шәйзада, Көкшетау қалалық перинаталдық орталығының акушер-гинекологы:

-«Балық басынан шіриді, су басынан тұнады» дейді. Сондықтан ең алдымен бізге дұрыс басшы керек. Басқа ештеңе сұрап тұрған жоқпыз. 25 дәрігер мұнда жүрсе телевидениеде, әйелдерді кім босандырады, операцияны кім істейді?

Жәния Омарова, Көкшетау қалалық перинаталдық орталығының дәрігері:

-Бір жарым жылда бас дәрігер бір рет те әйелдер босанатын залға кіріп,пациенттердің жағдайын сұрап көрген емес. Оны ана мен баланың денсаулығы қызықтырмайды. Ол тіпті ем дом жасау кезінде дәрігерлер бір шешімге келе алмай бас қатыратын консилиумға да қатыспайды. Өйткені өзі түсінбейді.

Дәрігерлер жұмыстан береке қашқанын айтып, прокуратура,  Денсаулық сақтау министрлігіне дейін арызданған. Бірақ одан нәтиже шықпапты. Енді амалсыздан, өздері жұмыстан кетуге бел буған. Ал қарамағындағылары жылы орнынан қозғалта алмаған басшы өзіне тым сенімді. Жаппай жазылған арызды алса да, мұны бір-екі адамның іріткісі деп жайбарақат отыр.


Жанат Мусин, Көкшетау қалалық перинаталдық орталығының бас дәрігері:

-Мынау бағынбаушылық деп айтуға болады. Неге десеңіз, соның бәрін бұзып жүрген араларында екі адам бар. Олар енді айтқан сөзге көнбей, тыңдамай басшыларымыз бәрі айтқан сендер жұмыс істеңдер, көп нетпеңдер деп. Сөйлесеміз қазір.

Сөйлесуге дәрігерлер қарсылық білдірген жоқ. Бірақ, басшылары оларды тыңдауға аса құлықты болмады. «Ә» дегеннен-ақ жанжалдасып қалды.