Елбасы: Әйел - ошақтың ұйытқысы, алтын бесіктің иесі - kaz.caravan.kz
  • $ 472.48
  • 550.06
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елбасы: Әйел - ошақтың ұйытқысы, алтын бесіктің иесі

Елбасы: Әйел - ошақтың ұйытқысы, алтын бесіктің иесі

Қазақстанда тоғыз миллион әйел бар. Бүгін Ақордада Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесуі барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.

  • 6 Наурыз 2015
  • 1699
Фото - Caravan.kz

«Қазақстанда тоғыз миллион әйел бар. Мемлекеттік қызметте де басым бөлігі, жартысынан көбі — әйелдер. Денсаулық сақтау саласында 75 пайызы әйелдер, халық ағарту мәселесінде — 65 пайыз, бизнестің 40 әйелдердің қолында. Денсаулық сақтау саласында да жұмыс істейтіндердің 75 пайызы — әйелдер. Яғни, ұлтымыздың денсаулығы әрқашанда әйелдердің қолында: үйде де, жұмыста да», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы Тәуелсіздік жылдарында тыныштық пен тұрақтылықты сақтауда әйелдер қауымының үлесі зор болғанына назар аударды.

«Әйел — ошақтың ұйытқысы, алтын бесіктің иесі. Ел болашағының барлығы әйел азаматтарының қолынан өтеді. Сондықтан Сіздер арқылы барша Қазақстанның әйелдерін шын жүрегіммен құттықтағым келеді. Еш уақытта езулеріңізден күлкі кетпесін!», — деді Мемлекет басшысы.

Еліміздің әрбір бойжеткеніне әкелік қамқорлық жасайтын сіздей Елбасы бар халықтың қызы екендігімді мақтан тұтамын. Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесуінде Қазақ ұлттық университетінің студенті,  «Қазақ аруы-2014» байқауының жеңімпазы Гүлнәз Жоланова осылай деді.

«Жақында «Қазақ аруы-2014» байқауының жеңімпазы атандым. Бұл жетістіктерім анамның тәрбиесімен бірге сіздің жалпы ұрпақтың жаңа келбетіне айрықша назар аударуыңыздың жемісі деп ойлаймын. Сіз «Қазақстан-2050» стратегиясында: Қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар болашақ жар, болашақ ана, шаңырақ шырақшылары», деп айтқан болатынсыз. Міне, сіздің осы сөздеріңіз қазір жастардың азаматтық тұлғасын қалыптастыратын шамшырақ іспетті. Мен еліміздің әрбір бойжеткеніне әкелік қамқорлық жасайтын сіздей Елбасы бар халықтың қызы екендігімді мақтан тұтамын», — деді Г.Жоланова.

Айта кетейік, Ақтау қаласында дүниеге келген Г.Жоланова Ресей, Чехия, Австрия, Македония, Армения елдерінде өткен ұлттық биден халықаралық байқауда лауреат атанған. «Махаббатым жүрегімде», «Қыздар» телесериалдарына түсіп, басты рөлдерді сомдаған. Қазіргі уақытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алуда. 

Тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасы бойынша жалға берілетін баспананың жартысы жастарға тиесілі болады. Бүгін Ақордада Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесуі барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

«Әрине, бағдарлама бойынша баспанаға ие болатын жастар жұмыс істеулері керек. Онда алғашқы бастапқы жарна деген жоқ. Кезекпен жалға баспана алады, сосын жалға алынған қаражатын төлейді. Ал бұл төлем пәтер құнына да кете береді. Онсыз да пәтер жалдап тұрып жатыр емес пе жастар? Сол секілді бұған да төлейді, ал оның төлемі пәтер құнына түседі. Біртіндеп, осылайша пәтер жастардың меншігіне өтетін болады», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент мұндай бағдарламаның ешбір елде жоқ екенін, Қазақстан ғана осындай қадамға барып отырғанын жеткізді.

«Басқа мәселелер де осылай шешімін тауып жатыр, біртіндеп таба береді де», — деді Н.Назарбаев.

Сайлау туралы бастамаға да негізінен еліміздегі әйелдер қауымы қолдау білдірді. Бүгін Ақордада Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан әйелдер қауымы өкілдерімен «Көктем шуағы» атты кездесуі барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

«Қазір сайлау науқаны басталып та кетті. Кезектен тыс президенттік сайлау туралы бастаманы да негізінен әйелдер қауымы қолдады. Мен күн сайын мыңдаған хаттар алып жатырмын. Бүгінгі ертеңгісін үстелімде бір құшақ хаттар келді. Олардың барлығы сайлауды қолдап, менен өз кандидатурамды ұсынуды сұрап жатыр», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

«Менің жеке жоспарым мүлдем басқа болатын, шынымды айтайын. Қазақстанды жылдар бойы басқарып келемін, Тәуелсіздіктің алғашқы жылынан мемлекетті қалыптастырып, құрдық. Бәлкім, театрда айтатындай, декорацияны өзгертетін де кез жеткен шығар. Сингапурдың негізін қалаушы Ли Куан Ю биліктен кеткенде мен одан неге кеттіңіз деп сұрағанмын. Ол соңғы уақытта теледидардан өзін көру ұнамай кеткенін айтқан еді. Менде де басқа жоспарлар болған. Алайда, бүкілхалықтық тілектер, елдің ниеті, жұрттың қалауы бар, оны да ескеру қажет. Сондықтан да, сіздермен алдағы жоспарымды, қадамымды ақылдасуға да болады деп ойлаймын», — деді Елбасы. 
4 3 3