«Ел дамуы үшін ішкі тұрақтылық аса маңызды. Қоғамда ішкі тұрақтылық болмаса, біз ешқашан да экономиканы дамытумен айналыса алмаймыз. Осының арқасында ғана біз дамыдық, шапшаң дамып келе жатқан елдер қатарына еніп отырмыз. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жан басына шаққандағы шығарылған өнім бойынша ішкі жалпы өнім ТМД бойынша бірінші орынға шықты. Міне, осы қалыпты сақтауымыз керек. Экономика дамиды, мәдениетпен де айналысуымыз керек», — деді Н.Назарбаев.
Бұл ретте Елбасы зейнетақы көтерудің, әлеуметтік төлемдер деңгейінің барлығы экономикаға тәуелді екенін, ал оның адамдардың жұмыс істеуіне байланысты екенін атап өтті.
«Ал бұлардың барлығының бастауында тұрақтылық тұруы тиіс. Біз көпұлтты болғанымызбен де, тыныштығымызбен мақтанамыз, осыны дамытуға тиіспіз. Адам негізінен өзіне жайлы, тыныш, қалыпты жерде өмір сүруге талпынады. Мен барлығына, еліміздегі 17 миллион адамға Қазақстанда тұруы үшін жайлы өмір болғанын қалаймын. Ешкім ештеңеден тарылмаса екен. Міне, біз жақында өтетін партия съезінде де осыны талқылаймыз», — деді Н.Назарбаев.