Қайрат Рысқұлбековтермен бірге ерлік танытқан азаматтың бала-шағасы елден көмек сұрады - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қайрат Рысқұлбековтермен бірге ерлік танытқан азаматтың  бала-шағасы елден көмек сұрады

Қайрат Рысқұлбековтермен бірге ерлік танытқан азаматтың бала-шағасы елден көмек сұрады

Желтоқсан қаһарманының отбасы жоқшылықтың азабын таруға мәжбүр. 86-ның қысында Қайрат Рысқұлбековтермен бірге қызыл империяға қарсы шыққан Ертай Көпесбаевтың бала-шағасы әлі күнге кісінің босағасын сағалап жүр. Кедейлік титықтатқан жігіт ағасының өзі екі ай бұрын жүрегі ұстап көз жұмған. Енді сол жалғыз асыраушысынан да айырылған жанұяның жаңдайы мүшкіл. Ал баспанаға немесе жерге деп тұрған кезегінің жылжитын түрі жоқ.

  • 4 Сәуiр 2015
  • 398
Фото - Caravan.kz

Айбаршын Көпесбаева екі айдан бері қара жамылып отыр. 3-ші ақпанда отағасы, отбасының жалғыз асырушысы, Желтоқсан қаһармандарының бірі — Ертай Көпесбаев жүрегі ұстап, қайтыс болған. Екі баламен аңырап қалған келіншек енді кімнен көмек сұрарын білмейді.

Айбаршын Көпесбаев, марқұмның жары:

— Күйеуім Көпесбаев Ертай бүкіл Қазақстанға әйгілі азамат. Қайрат Рысқұлбековпен бірге Қазақстанның жоғарғы сотыменен сотталып, әке-шешесі жұмыстан қудаланған.

— Міне, Көпесбаев Ертай және Қайрат Рысқұлбеков екеуі. Бірге оқыды, бір бөлмеде жатты. Бірге түрмеге кетті.

Ертай Көпесбаев 5 жылдан кейін ақталған екен. Құр ақталғаны болмаса, көрген көмегі жоқ. Қарапайым автобус жүргізушісінің жеке баспана алуға да мүмкіндігі болмаған. 20 жыл бала-шағасымен кісі есігін сығалап келіпті. Сөйте жүріп, Талғарда үй кезегіне тұрған екен. Бірақ сол кезегі 14 жылда 27 орынға ғана жылжыпты.

Айбаршын Көпесбаев, марқұмның жары:

— Біз 2000 жылдан бастап, Талғар қаласының әкімдігіне кезекке тұрдық. Ол жоғалып кетіп, 2006 жылы тағы тұрдық, айғаймен. Енді күйеуімнің қайтыс болғанына байланысты ол жердің тізімінен бізді алып тастайды екен. Сондай заң бар дейді. Бармаған жерім жоқ. Ол заңды таппай қойдым.

Жесір әйелдің жеңілдіктен қай заңға сүйене шектелгенін білмекке Талғар қаласының әкімдігіне біз де бардық. Бірақ бір күнде әлгі заң өзгерсе керек, мұндағылар Айбаршынды қайта тіркеуге алғандарын айтып отыр.

Серік Дүмшебаев, Талғар қаласы әкімінің орынбасары:

-Ия, бұл кісінің мәселесі туралы хабардармыз. Бұл кісінің күйеуі Ертай Көпесбаев жер кезегіне тұрған. Кезегі 2 мың 539 болған. Біз тиісті мекемелермен хабарласып, заңгерлермен ақылдасып, бұл кісі жолдасының орнына қайта жер кезегіне қойылды.

– Тағы қанша, 14 жыл тос дейсіздер ме?

– Енді оны мен бір жыл, бір ай деп айта алмаймын!

Үй түгілі енді жесір әйелдің жердің өзін талай жыл күтуге тура келеді. Бірақ тұрмысы болса, бұл отбасында күн санап тұралап барады. Күн жылынса, тағы уақытша тұратын баспана іздеуі тиіс.

-Мамырдың аяғында бұл үйді босатып беруіміз керек! Сондықтан тағы қайда барып, үй іздерімізді білмей, күні кешке дейін жылап жүрміз, әкесінің аяқ асты тастап кеткеніне!

Қызыл империяға қасқая қарсы тұрып сынбай, бірақ тағдыр тауқыметті қатты қысқан қаһарманның жесірі мен жетімдері енді еріксіз елден көмек сұрауға мәжбүр.