Алматыда көпбалалы отбасы адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 471.45
  • 547.21
+12 °C
Алматы
2026 Жыл
22 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыда көпбалалы отбасы адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр

Алматыда көпбалалы отбасы адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр

Алматы іргесіндегі Жаңадәуір ауылында 6 бала адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр. 3 пен 14 жас аралағындағы ұл-қыздарды маскүнем аналары осыдан 2 жыл бұрын тастап кеткен. Ал 65 жастағы әкелері 2-ші топтағы мүгедек. Оның да ішетін әдеті бар. Күтімнің жоқтығынан үй іші де әбден кір-қоқысқа толған. Шиеттей бала-шағаның да соңғы рет қашан тойып тамақ ішкендері естерінде жоқ.

  • 27 Мамыр 2015
  • 314
Фото - Caravan.kz

— 9, 8, 5, 3, Ұлту 6-да!

Жарасхан, Жансая, Арман, Ұлту және Жайна – бұл Жаңадәуір ауылындағы Оразбаевтар отбасындағы ағайынды 5 бала. Негізі, олар алтау. Бірақ үлкендері, 14 жастағы Айжан екі айдан бері Есік қаласында ауруханада жатыр. Жеткіншектің жүйкесі сыр беріпті. Ал іні-қарындастары, міне, мынадай жұпыны тіршілік кешуде.

Бөлменің жоқтығынан емес, төсек-орынның аздығынан бәрі бір жерде жатады. Әрі мұнда басты байлықтары – теледидар бар. Ұзақ уақыттан бері үйлері де күтім көрмей, әбден қоқысқа толған. Бір қуантары, балғындардың барлығы да мектепте озат екен.

Ал бұл кісі – отағасы. Жасы 65-ке тақаған. Көлік апатына түсіп, бір көзінен айырылыпты. Қазір 2-ші топтағы мүгедек. Әйелі 2 жыл бұрын маскүнемдікке салынып, отбасын тастап кетіпті.

Марқабай Оразбаев, жалғызбасты әке:

-Міне, мына қызым 7 айлығында тастап кеткен. Әлі жоқ. Қайда екенін де білмеймін. Тіпті жәрдемақыларын да алып кететін еді. Қазір енді өзім алып жүрмін.Картоп ай сайын сатып алам, зейнетақымнан 37 мың теңге. Соны үнемдеймін.

Тек мына үйілген бөтелкеге қарағанда көпбалалы әке де ақшасының денін араққа жұмсайтын тәрізді.


Марқабай Оразбаев, жалғызбасты әке:

Мен ішкенде қуып ішпеймін. Бірақ ішем. Енді ойланам. Осы жасқа келдім.

Қараусыз, кір-қожалақ, аш-жалаңаш жүрген балғындардың жайынан жергілікті әкімдік те хабардар. Бірақ қол ұшын созуға қауқарсыз. Тек қыста көмір түсіріп берген екен.

Нұрлан Әбілқасов, Байсерке ауылдық аймағы әкімінің орынбасары:

— Отбасы туралы білемін. Былтыр көмек көрсетілген. Көмір-отынмен, киім-кешекпен.

 — Басқа?

— Басқа, ауылдық кеңес, мектеп көмектеседі. Интернатқа орналастыруға ол кісінің өзі бас тартқан.

— Жоқ, бермеймін. Қыздарымды өзім тәрбиелеймін, өзім қараймын.

Жалғызбасты әке шиеттей ұл-қызды әлі жеткенше өзі жетілдіруге бекінген. Тек шайлығына жетпейтін зейнетақысына қосымша жұмыс болса деген тілегі бар.