Қазақстанда адам мен иттің он жылдық күрделі қарым-қатынасы қалай қалыптасып келеді? - kaz.caravan.kz
  • $ 471.45
  • 547.21
+12 °C
Алматы
2026 Жыл
22 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстанда адам мен иттің он жылдық күрделі қарым-қатынасы қалай қалыптасып келеді?

Қазақстанда адам мен иттің он жылдық күрделі қарым-қатынасы қалай қалыптасып келеді?

Мемлекет басшысы жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға қол қойды. Аталмыш жоба осы айдағы даулы құжаттардың бірі болды. Өзгерістер туралы айтыла бастаған сәттен бастап, қоғамдағы пікірталас өршіп, петиция жарияланған. Депутаттар қаңғыбас иттердің адамға шабуылдауы өскенін алға тартып, қауіпсіздік шарасы деп сендірді, ал белсенділер аса қатыгез әрекетке теңеген еді. Мұнымен талқылау біткен жоқ, әлі де әлеуметтік желіде қызу пікірталас жүріп жатыр.

  • 22 Мамыр
  • 85
Фото: @illustrators_kz

Caravan.kz медиа порталының тілшісі тақырыпты тарихпен жалғап тарқатады. 

Әлеуметтанушы, саясаттанушы Рүстем Мұстафин мәселеге тереңірек үңілуге шақырды. Оның ойынша, соңғы он жылда елдегі иттерге қатысты оқиғалар қоғамның өз болмысын, мәдениетін, жауапкершілігін және адамгершілік деңгейін көрсететін үлкен әлеуметтік айнаға айналды. Олай болса, сарапшының талқылауын түсіндіріп көрейік.

Дала мұрасынан көше мәселесіне дейін

Қазақ дүниетанымында иттің орны әрдайым ерекше болған. Төбет көшпелі өмірде мал мен ауылды қорғаған сенімді серік болса, тазы «Жеті қазынаның» қатарына енген асыл тұқым саналды.

Көптеген зерттеушілер қазақы ит тұқымдарын тек жануар ретінде емес, ұлттық мұраның бір бөлігі ретінде қарастырады. Алайда уақыт өте келе тазы мен төбеттің саны азайып, жоғалу қаупіне жақындаған еді.

2014-2015 жылдары мемлекет осы тарихи байланысты алғаш рет ресми деңгейде айқын көрсетті. Ұлттық банк төбет пен тазы бейнеленген естелік монеталарды шығарды. Мұндай қадам мемлекеттің қазақы ит тұқымдарының тарихи маңызын ресми түрде мойындауы ретінде қабылданды.

Дәл осы кезеңде қоғамда басқа мәселе де ушығып келе жатты. Қаңғыбас жануарлардың саны артып, ит шабуылдары жиіледі, жануарларға жасалатын қатыгездік қоғамды алаңдата бастады.

Сайрандағы оқиға және әлем көрген мейірім

2016 жылдың жазында Алматыдағы «Сайран» көлінде болған оқиға бүкіл әлемге тарады.

Суға түсіп кеткен ит бетон жағалаудан шыға алмай қалған. Оған көмектеспек болған адам да қауіпті жағдайда қалып қояды. Сол сәтте бір-бірін танымайтын адамдар қол ұстасып, тірі тізбек құрып, итті бірге құтқарып алады.

Бұл видео әлеуметтік желілер мен халықаралық БАҚ-та кең тарап, миллиондаған қаралым жинады. Көпшілік үшін аталмыш оқиға Қазақстанды мейірімді әрі жанашыр қырынан танытты. Арада он жыл өтен соң, 2026 жылы ел ішінде символдық мәнге ие болған оқиғаға арналған ескерткіш орнатылды. 

Лаки және қоғамдық сананың өзгеруі

Қоғам осы уақыт ішінде мүлде басқа сипаттағы оқиғаларды да көрді. 2020 жылы Атырауда итке жасалған қатыгездік түсірілген видео қоғамды дүр сілкіндірді. Оқиғаға тоқталсақ, орталық көшеде «При­ора» көлігінің жүргізушісі итті көлі­гіне байлап, Азаттық даңғылы­мен сүйреп бара жатқаны туралы ақпарат пайда болды. Полиция департаменті бұл ақ­паратты растап, ит сүйреген авто­көлік жүргізушісінің ұсталғанын, Қылмыстық кодекстің 316-бабы (Жануарларға қатыгездік жасау) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталғанын мәлімдеген. 

Бірақ бұл бір оқиға емес. Бұған дейін де атыраулық жан-жануар­ларды қорғайтын ұйымның жанай­қайы әлем елдеріне жетіп, қоғамда резонанс туғызған еді. Оқиғаны баяндасақ, қала ірге­сіндегі Еркінқала ықшамауданында  иттің басын тоңазытқыштың есі­гіне қысып қорлаған азаматтың тір­лігі шектен шығып кетті. Қоғам­да резонанс тудырған осы оқиға аясында анықталған иесі иттің тұқым егуге дайындап қойған жылы­­жайды бүлдіргенін, оған дейін де кішкентай қыз баланы қа­уып ала жаз­дағанын айтып ақта­лып, көп­шіліктен кешірім сұраған болатын. Кейін қатыгез тұрғынның итін Атырау қала­сын­дағы «Мейірімді жүрек» қоғамдық қоры панасына алған еді. Оған олар Лаки деген ат қойды.

Кейін көлікке байлап сүйрелген иттер, балалардың көзінше өлтірілген жануарлар, жеңіл жаза алған қатыгездік фактілері қоғамның ашуын күшейтті.

Осы кезеңде жануарларға қатысты мәселе тек зооқорғаушылардың тақырыбы болудан қалды. Қоғам жануарға деген қарым-қатынасты мемлекеттің мәдени және өркениеттік деңгейімен байланыстыра бастады.

2020 жылдың қарашасында Ұлттық банк Белка мен Стрелкаға арнап монета шығарды. Монеталар Белка мен Стрелканың Қазақстан жеріндегі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Восток» ғарыш кемесінде ұшқан күннен бастап 60 жыл толуына арналған. Белка мен Стрелка – орбитаға сапар шеккен және Жерге аман оралған «космонавт» иттер. 

Кейін «Дала қазынасы» сериясында тазы бейнеленген монета пайда болды. Мемлекеттің символдық қадамдары мен қоғамның сұранысы бір бағытта қозғала бастады.

2021 жылдың көктемінде интернетте жаппай өлтірілген иттердің видеолары тарады. Олардың арасында тазылар да болған. Аталмыш қатыгездік қазақстандықтардың ашуына тиіп, бүкіл ел бойынша үлкен резонанс тудырды. Зооқорғаушылар, журналистер, депутаттар, қоғам белсенділері мәселені ашық көтере бастады.

Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң

Нәтижесінде 2021 жылдың 30 желтоқсанында президент тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға қол қойды.

Құжатта иттерді бақылаусыз жіберуге тыйым салу, міндетті стерилизация, ұсталған жануарларды қайта қайтару жүйесі, панажайлардағы гуманистік процедуралар және көбейтуге қатысты шектеулер қарастырылды.

Заң 2022 жылдың 2 наурызынан бастап күшіне енгеннен кейін де мәселе шешілмеді, керісінше қаншалықты терең екенін көрсетті. Талғар маңынан каналға тасталған ит өлекселері салынған қаптар табылды. Қарасай ауданында еріктілер «сою орны» ретінде сипатталған ғимаратты анықтады. Онда жануарлардың өлекселері, аулау ілмектері мен құралдар болған.

Белсенділер еттің қоғамдық тамақтану орындарына жеткізілуі мүмкін екенін айтты. Ашық сот қорытындысы жарияланбағанымен, мұндай орындардың анықталғаны ресми түрде тіркелді.

Сол кезеңде Алматыда әкім тапсырмасымен қаңғыбас жануарлар санын гуманистік жолмен реттеу комиссиясы құрылып, қорлармен меморандумдар жасалды, ОСВВ бағдарламасы іске қосылды. 

Тазы — ұлттық брендке айналған тұқым

2023 жылдың 3 қаңтарында президент қазақы ит тұқымдарын сақтау туралы жеке заңға қол қойды. Тазы мен төбетке бірыңғай шежіре кітабы, мемлекеттік стандарт, шығу тегі туралы куәлік және Ұлттық орталық берілді.

2023 жылғы Наурыз мерекесінде мемлекет басшысы тазыны «Жеті қазынаның» бірі деп атап, Сыртқы істер министрлігіне тұқымды халықаралық деңгейде насихаттауға дипломатиялық арналарды қосуды тапсырды.

Нәтиже көп күттірмеді. Қазақстан кинологтар одағы ауқымды жұмыс жүргізді: аймақтық асыл тұқымды байқаулар, генетикалық зерттеулер, тұқымның төрт мың жылдық эволюциясына тарихи талдау жасалды. 2023 жылдың тамызында Женевадағы Бас ассамблеяда Қазақстан халықаралық кинологиялық федерацияның толыққанды мүшесіне айналды.

2023 жылдың қарашасында Франция президенті Эмманюэль Макрон Астанаға мемлекеттік сапармен келген кезде оған «Этноауыл» көрмесінде қазақы тазы көрсетілді. Ал 2024 жылдың ақпанында Макронға Жюль мен Жанна есімді екі тазы күшігі сыйға тартылды. Кейін Париждегі Елисей сарайының бағында Макронның сол күшіктермен серуендеп жүрген видеолары тарады.

Қазақы тазы елдің мәдени бренді мен дипломатиясының бір бөлігіне айналды.

Пшөн және жаңа қоғамдық толқын 

2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Tanba жүйесі іске қосылып, иттерді міндетті микрочиппен цифрлық тіркеу басталды. Итті бақылаусыз жіберуге тыйым салынып, айыппұлдар енгізілді. Әр иттің алғаш рет жеке сәйкестендіру белгісі пайда болды.

2024 жылдың көктемінде Қазақстан алапат су тасқындарын бастан өткерді. ТЖМ қызметкерлері 111 256 адамды және олармен бірге 107 613 бас мал мен үй жануарларын қауіпсіз жерге көшірді. Бұрын мұндай апаттарда ауладағы иттерді көбіне тастап кететін, ал 2024 жылы құтқарушылар оларды адамдармен бірге эвакуациялады.

2021 және 2023 жылдары қабылданған гуманистік ұстанымдар алғаш рет іс жүзінде көріне бастады.

Сол кезде Атырау облысы Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылынан Пшөн атты қызыл иттің видеосы тарады. Ол иелерімен бірге құм салынған қаптарды арқалап, жұртқа көмектескен. Пшөн сол ауыр кезеңнің халықтық қаһарманына айналды.

Фото: @illustrators_kz

Алайда тағы да әділетсіздік орын алды 

2024 жылдың 28 қарашасында көршінің шағымынан кейін Пшөн ветеринарлық қызметкер атқан ұйықтататын дротиктен кейін қаза тапты. Бұл жағдай қоғамдағы наразылықты қайта күшейтіп, жануарларды аулау жүйесіне деген сенімсіздікті арттырды. Атырау облысының әкімі жағдайды тексеруге уәде беріп, қылмыстық іс қозғалды.

Бірақ жарты жылдан кейін тергеу тоқтатылды.

Сол апталарда Қосшыда иттерді жаппай ату оқиғасы тіркелді. Өлтірілгендердің арасында таза қанды тазылар да болған. Пшөннің өлімі қоғамдағы үлкен эмоционалдық нүктеге айналды. «Аулау» сөзі адамдарға үрейлі әрі жиренішті естіле бастады.

2024 жылдың 3 қыркүйегінде Халықаралық кинологиялық федерация FCI қазақы тазыны №372 дербес тұқым ретінде алдын ала мойындады. Қазақстан тұқым стандартының ресми иесі мәртебесін алды. Толық мойындау 2034 жылға қарай, популяция тұрақты сақталған жағдайда беріледі деп күтілуде. Бұл жетістік Қазақстан кинологтар одағы мен көптеген мамандардың бірнеше жылдық еңбегінің нәтижесі болды.

2025 жылдың тамызында Хельсинкидегі World Dog Show көрмесінде сегіз қазақы тазының бесеуі жүлделі орын алып, екеуі әлем чемпионы атанды. Ал қазан айында президент жетекші кинологтарды «Құрмет» орденімен, алғыс хаттармен және құрмет грамоталарымен марапаттады.

Көшеде қаңғыбас иттерге қатысты қызу пікірталас жүріп жатқан кезде, Қазақстан әлемге өзінің ұлттық тұқымын танытып жатты. Сонымен қатар көшедегі қатыгездік де өз бағытымен жалғаса берді.

2024 жылдың 18 қыркүйегінде Шымкент соты итке қатыгездік жасаған адамды 60 сағат қоғамдық жұмысқа тартты. 29 қазанда Атырау облысында итті тірідей өртеген екі жас сотталды.

2025 жылдың 27 наурызында Шығыс Қазақстан облысында 5600 қаңғыбас иттерді аулау мен жоюға 33,6 миллион теңгелік тендер жарияланып, қоғамда үлкен шуға ұласты. 

Ал 2025 жылдың тамызында Алматы маңындағы Farm House демалыс базасындағы ит өлімінен кейін қылмыстық іс қозғалып, нысанға бойкот жарияланды.

Жануарға қатыгездік көрсету ауыр салдары бар әрекет ретінде қабылдана бастады.

Жаңа түзетулер және жаңа пікірталас

2026 жылы Парламент жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңға жаңа түзетулер енгізуді талқылай бастады. Түзетуді қолдаушылар көшедегі иттерден келетін қауіп пен мемлекет шығындарын алға тартты. Ал қарсы тарап бұл өзгерістер жаппай жою тәжірибесіне алып келуі мүмкін деп алаңдады. Сондай-ақ зооқорғаушылар петиция жариялап, оны көптеген қазақстандықтар қолдады.

2026 жылдың 25 сәуірінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясы аясында маңызды мәлімдеме жасады. Ол қаңғыбас иттер мәселесі ең алдымен адамдардың немқұрайлылығының салдары екенін айтты. Сонымен бірге жануарларға қатыгездік пен дұрыс қарамағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді талап етті.

2026 жылдың 30 сәуірінде Сенат жануарларды жоюға қатысты қатаң нұсқаны қолдамай, құжатты Мәжіліске қайта жіберді және «эвтаназия» терминінен бас тартуды ұсынды.

2026 жылдың 19 мамырында жаңартылған заңға қол қойылды.

Заң қабылданып жатқан уақытта ит еті туралы тақырып қайта көтерілді. Алматы тұрғыны Threads желісінде қалалық дәмханалардың біріндегі самсадан табылған ветеринарлық чиптің суретін жариялады. Мекеме чип ауыл шаруашылығы малына тиесілі болғанын айтып түсіндіргенімен, жазба жүздеген мың қаралым жинады.

«Amanat» партяисының Руспубликалық экологиялық кеңесінің мүшесі Сергей Снегирев Тимур Балымбетовтың «Ашығын айтқанда» подкастында ит етінің мейрамханаларға жеткізілуі туралы айтты. Әңгіме Астананы қоса алғанда, қоғамдық тамақтану орындары үшін ит етін өнеркәсіптік деңгейде дайындау туралы болып отыр.

Ол сондай-ақ екі жыл бұрын мейрамханалар мен франшизалардың аралас фарш сатып алуы, оның құрамында ит еті болуы мүмкін деген іс бойынша сот процесі өткенін хабарлады. Мұндай тақырыптарды тыңдау өте ауыр, десе де оларды мүлде қозғамау мүмкін емес. 

Тікелей дәлелдер жоқ, десе де, қоғамда «қайтарымсыз аулауды» қолдайтын топтардың мүддесі көлеңкелі ет бизнесімен қиылысып кетпей ме деген сұрақтар туындай бастады.

«Астанада біреуден 750 келі иттің еті тәркіленіпті. Астаналық бірнеше танымал кафе-ресторан иттің етінен тамақ жасаған. Бірақ олардың атауы аталмады. Басқа қалалар ше? Жақында қаңғыбас иттерді ату туралы заң шықты. Құдай біледі, енді қанша ит шашлык, палауға кететінін. Елдегі барлық самсахана, дөнер, кафе, ресторандарды түгел тексеріп, қадағалап отыру керек», — деп пікір білдірді журналист Нәзия Жоямергенқызы. 

«Жалпы, адамдардың жеке деректері интернетке өте тез тарап кететіні таңғалдырады, ал тұтынушылардың қауіпсіздігі мен құқықтарына қатысты маңызды ақпараттар  неге жабық күйде қалады? Ең сорақысы, Орал қаласында қаңғыбас иттерді аулау бойынша тендерді ет өңдеу компаниясы жеңіп алған», — деп пікір білдірді экономист Қанат Оспанов. 

Қазір жануарлар тақырыбы тұтас бір когнитивтік диссонансқа айналып бара жатқандай. Десе де компромисс, тепе-теңдік, гуманизм мен өркениетті қорғау жолындағы күрес енді басталды.

Заңға енгізілген түзетулердің нақты нәтижесін уақыт көрсетеді.