—Тоғыз жолдың торабындағы Ақтөбе вокзалында қызметтің түр-түрі ұсынылады. Себебі, қалаға келіп-кетіп жатқан адам көп. Жыл басында әкімшілік кодекске өзгеріс енгелі бері, жағы талғанша жұртты қаратуға асығатын мұндағы кәсіп иелері жөнге келе бастаған. Дегенмен, осы маңда тұрып пәтер жалға берушілер заңмен қоса әкімшілік полиция бастықтарының да қысымы күшейіп кетті дегенді айтады.
Әдеттегідей вокзал маңынан табылатын пәтер өткізушілер бүгін ішкі істер департаментін торуылдап жүр. Жұмыс орындарын тастап келулеріне әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Еркін Малаевтан көрген қорлықтары себеп болыпты. Айтуларынша, шенді полицей ақша бопсалайды екен.
Салтанат Сисенбаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Еркін Малаев бізге талап қойды. Жұмыс істеймін десеңдер тыныш маған ай сайын 300 мыңнан ақша беріп тұрасыңдар деді. Екінші айда Еркін Малаевқа 300 мың беруден бас тарттық. Бас тартып едік, одан сайын құтырып кетті.
Бұл азаматтар пәтерді сағатына мың, ал тәулігіне кем дегенде 3 мың теңгеге өткізеді. Осы табысты әкімшілік полиция бастығымен бөліскісі келмегендері әбден жәбір көріпті.
Ғалия Жекешова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
-Подъезімнің алдында мені есікке жаншып, сүйрелей жөнелді. Себепсіз таяқ жеп, міне, аяқ-қолдарым көгеріп қалды.
Ішкі істер департаментінде шу көтерген әйелдерді басшылары қабылдады. Олар да бұл жайдан хабардар екен. Тіпті қызметін асыра пайдаланған әкімшілік полиция бастығына қатысты қылмыстық іс қозғап үлгеріпті.
Қаныбек Жақсығалиев, Ақтөбе облыстық ІІД бастығының орынбасары:
—Ақша жинау жөнінде қазіргі таңда мынау біздің қауіпсіздік басқармасы ішкі істер департаментінің бұл бойынша іс қозғады. Тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Енді жұмыстан шығару мәселесі жөнінде ай аяғында бітеді. Жұмыстан шығару жөнінде тиісті шешім қабылдаймыз.
Тәртіп сақшысының үстінен шағымданған әйелдердің барлығы дерлік жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Заң күшейгелі бұрынғыдай вокзал маңында шулап қызмет ұсынуды қоййыпты. Пәтерді тек жарнама арқылы жалға береміз дейді.