Мейірбек Молдабеков, Аэроғарыш комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
-Әрине, киіктердің қырылып жатқан жағдайы экологиямен байланысты болуы мүмкін, соның ішінде ғарыш айлағымен байланысты болуы мүмкін. Бірақ, киіктердің қырылып жатқан аймақтарын қарасақ, ол біздің «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшып жатқан зымырандар құлайтын, оның әсер ететін ауданнан тым алыс. Қазір соны зерттеп қараймыз.
Өйткені, тура он күн бұрын «Байқоңыр» ғарыш айлағынан орбитаға аттанған Ресейдің «Протон» зымырантасығышы діттеген жеріне жетпей апатқа ұшыраған болатын. Ал, бір күннен кейін Қостанай облысында киіктердің өлексесі табыла бастады. Табиғат жанашырлары улы гептил араласқан шөпті жеп, ақбөкендер содан қырылды деп есептейді. Қазір Ақмола, Ақтөбе, Қостанай облысы бойынша қырылғын киіктің саны 90 мыңнан асты. Алайда, Ауыл шаруашылығы министрлігі жұтты «Протонмен» емес, пастереллезбен байланыстырып отыр. Жұт осы індеттен келген депті министрлік ресми қорытындысында.