Мәмбет Хасенов мына көлікті несиеге алған. 3 жыл кепілдігі бар. 7 орындық Лада Ларгусты отбасы үшін қолайлы деп таңдапты. Бірақ 1 ай өтпей доңғалағы желініп шыға келген. Олқылықтың барын айтып автосалонға келгенімен, ондағылар клиентті маңайларына жуытар емес.
Мәмбет Хасанов, Көкшетау қаласының тұрғыны:
—Міне, 1 айдың ішінде дөңгелекті жеп қойды. Біздің кінәміз жоқ. Енді кім істеу керек? Маған айтады өзің істе деп. Мына машинамен жүруге болмайды. Ертең жарылса, қауіп төнеді. Мен техосмотрдан өте алмай жүрмін.
Кепілдік мерзімі өтпегендіктен тегін жөндеп беруге тиіс деп санаған көлік иесі өзінің талабын заңды деп есептейді. Сондықтан сөзіне құлақ аспаған қызметкерлердің назарын аудару үшін көлігін салон қақпасының алдына көлденең қойды. Ашуға мінген азамат алған бетінен қайтпақ емес.
— Кетпеймін. Бұл жерден.
Аяқ астынан әбігерге түскен салон қызметкерлері көлік иесіне жағдайды өздерінше түсіндіруге тырысты.
Александр Колесников, «Бипэк Авто» ЖШС филиалының атқарушы директоры:
-Доңғалағын теңгеріп көрдік. Біздің мамандар бәрін қарады. Зауыт жөндеуге келісім бермеді. Өйткені бұл зауыт жіберген ақау емес. Иесі айдап жүрген кезде пайда болған. Ұқыптап мінуі керек еді.
Бұған дейін көлік иесіне мән жайды түсіндіруге жарамаған салон басшысы аяқ астынан зауыттан келген хатты да осылайша әкеп берді. Бірақ жаңа көлікті бірнеше жыл алаңсыз мінем ғой деп армандаған жігіт ағасы қалай да зауытта жіберілген ақауды дәлелдеймін дейді. Енді ол тәуелсіз техникалық сарапшылардың көмегіне жүгініп, автосалонды сотқа бермекші.